Бүгінде жасанды интеллект цифрлық әлемнің шекарасынан шығып, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Шығармашылық шабыт сыйлайтын идеялардан бастап, күрделі құжаттарды жүйелеу мен цифрлық суреттер жасауға дейінгі әрекеттер енді бір-ақ батырмамен шешіледі. Уақыт өткен сайын мүмкіндігі еселеп артып жатқан бұл технологияны кім қалай пайдаланып жүр? Цифрлық дәуірмен бірге өсіп келе жатқан жастардың ЖИ-ға деген көзқарасы қандай? Осы сұрақтың жауабын іздеп, кішігірім сауалнама жүргізген едік.

Жанерке ӘДІЛБЕКОВА: ЖИ-ді оқу барысында дайын жауапты көшіріп алу үшін емес, жаңа идеялар алу және оқу материалдарын тереңірек меңгеру үшін қолданамын. ЖИ ақпаратты салыстырып, өзіме қажетті мәліметтерді жинақтауға көмектеседі. Сонымен қатар сабаққа дайындалу кезінде оқушыларға арналған түрлі деңгейдегі тапсырмалар, тест сұрақтары, шығармашылық жұмыстар мен ойын элементтерін әзірлеуде ЖИ-дің көмегіне жүгінемін. Ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінде қызықты жаттығулар құрастыруға және сабақтың тиімді құрылымын жоспарлауға өте ыңғайлы. Мысалы белгілі бір грамматикалық тақырыпты өткенде ЖИ-ге оқушылардың жас ерекшелігіне сай деңгейлік тапсырмалар құрастыруды ұсынамын. Нәтижесінде жеңіл, орташа және күрделі деңгейдегі жаттығуларды дайындап, оқушылардың білім деңгейіне қарай қолдана беремін. Ал әдебиет сабағына Қожаға мінездеме жазу, оның әрекеттеріне баға беру немесе шығармадағы оқиғаларды қазіргі өмірмен байланыстыруға арналған шығармашылық тапсырмалар дайындаймын. Мұндай тәсіл оқушының шығарманы оқып қана қоймай, кейіпкердің әрекетін түсініп, өз көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Ернар ҚУАНЫШҰЛЫ: Жасанды интеллектіні тек дайын ақпарат алу үшін емес, өз идеямды жүзеге асыру үшін қолданамын. Оның көмегімен видео, сурет, анимация және түрлі ойындар жасауға тырысамын. Мысалы, балаларға арналған қызықты ойындар ойлап тауып, оларды ЖИ арқылы жасауға болады.
Қыста осы қызығушылығымды кішкентай жобаға айналдырып көрдім. Педагогтарға арналған әртүрлі ойындар мен оқу материалдарын ЖИ көмегімен жасап, оларды ақылы түрде ұсындым. Осы жобам арқылы жақсы табыс таптым. Ең бастысы, бұл тәжірибе маған өз идеямды іске асырып, ЖИ-ді пайдалы құрал ретінде қолдануға болатынын көрсетті.
Сонымен қатар YouTube пен TikTok үшін контент жасап, оны болашақта табыс көзіне айналдырғым келеді. Қазіргі кезде ЖИ-ді дұрыс пайдалана білген адам өз идеясын үлкен жобаға айналдыра алады. Мен де осы мүмкіндікті пайдаланып, өзім жасаған ойындар мен контент арқылы ақша тауып, әрі қарай дамығым келеді.

Гүлфара КУРМАНГАЛИЕВА: Жасанды интеллект – бүгінгі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болуға тиіс құрал. Мен өз тәжірибемде ЖИ-ді сабақ материалдарын дайындауда, тапсырмалар мен тесттер құрастыруда, оқушылардың деңгейіне сай дифференциалды тапсырмалар әзірлеуде пайдаланамын. Дегенмен, ЖИ мұғалімнің орнын баса алмайды. Ол – тек көмекші құрал. Балалармен тікелей қарым-қатынас, тәрбие, эмоционалды байланыс – мұғалімнің ғана қолынан келетін іс. ЖИ уақытты үнемдеуге, шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, оқушыларды ЖИ-ді дұрыс, сыни тұрғыдан пайдалануға үйрету маңызды – ол дайын жауап алудың құралы емес, ізденіске жетелейтін серіктес болуы керек. Оны дұрыс, өлшеммен қолдансақ, білім сапасын арттыруға зор үлес қосады.

Бекжан БАҚЫТБЕКҰЛЫ: Сабақ барысында жасанды интеллектіні пайдалы әрі заманауи құрал ретінде қолданамын. ЖИ арқылы оқушыларға тақырыпқа байланысты қызықты есептер, логикалық тапсырмалар және қосымша жаттығулар дайындауға болады.
Сонымен қатар әр оқушының деңгейіне сәйкес тапсырмаларды бейімдеу мүмкіндігі мұғалім үшін үлкен көмек деп ойлаймын. ЖИ сабақ уақытын тиімді жоспарлауға және мұғалімнің шығармашылық жұмысына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Дегенмен ЖИ-ді шектен тыс қолдануға болмайды. Оқушы ақпаратты дайын күйінде қабылдамай, оны талдап, ойланып, өз бетімен шешім қабылдауы керек. Сондықтан ЖИ-ді білім беруде дұрыс бағытта қолданылған жағдайда өте тиімді көмекші құрал деп бағалаймын.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
