Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанын базардағы кептелістен-ақ байқауға болады. Сапалы дүниені іздеуге кететін уақыт пен жүйкені есептемегенде, баланы мектепке дайындауға кететін шығынның өзі бір төбе мәселе. Биыл оқушыға қажетті киім-кешек, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып алу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салатын түрі бар. Бағаларға жүргізілген мониторинг те осыны көрсетіп отыр.
Алдымен сапа, алайда…
Алдымен ірі сауда орталықтарындағы бағаға тоқталсақ. Себебі ел бойынша жүргізілген мониторинг осы сауда орталықтарына басымдық берген. Зерттеу барысында Қазақстандағы бірқатар ірі дүкендер мен маркетплейстердегі мектеп тауарларының құны салыстырылған. «Детский мир», Flip, Sportmaster сияқты дүкендермен қатар Ozon және Wildberries платформаларындағы бағалар қаралған. Нәтижесінде мектепке қажетті заттардың толық жиынтығының бағасы баланың жынысына және тауардың қай жерден сатып алынатынына қарай айтарлықтай өзгереді. Мәселен, желілік дүкендерде қыз балаға арналған мектеп жиынтығына шамамен 78 мыңнан 207 мың теңгеге дейін қаражат қажет. Ұл балаға арналған жиынтықтың құны 75 мыңнан 205 мың теңгеге дейін жетеді.
Ал маркетплейстердегі баға одан да жоғары болуы мүмкін. Қыз балаға қажетті мектеп тауарларының толық жиынтығы 97-211 мың теңге аралығында болса, ұл бала үшін бұл сома 110-251 мың теңгеге дейін барады.
Алғашқы кейіпкеріміз Әйгерім Оразбекқызы жаңа оқу жылына дайындықты танымал сауда орталықтарынан бастапты. Бұл жақтағы баға көпшілік үшін қолжетімді емес, бірақ соған сай сапа да жоғары.
– Балаларыма оқу жылына қажетті киімді «Tiffany», «Детский мир» дүкендерінен алдым. Бұл жақта бір балаға спорттық киім 20-25 мың, аяқ киім ̶ 32 мың, шалбар жеңілдікпен̶ 8 мың. Базармен салыстырғанда екі есе қымбат. Әзірге бір балаға орта есеппен 100 мың теңге жұмсадық. Бұл бағаға оқу құралдары есептелген жоқ, оларды енді аламыз, – дейді көп балалы ана.
Қай кезде де «қалтаңа қарай көсілетінің» рас. Мұндай ірі сауда орталықтарынан алынған тауардың сапасы да көпке шыдас беріп, қымбат екенін көрсетпей қоймайды. Алайда мұндай бағаны көпшіліктің қалтасы көтере бермейтіні тағы бар.
Ең көп қымбаттаған тауар – аяқ киім
Мектепке дайындық кезінде ата-ана шығынын көбейтетін негізгі санаттың бірі – балалардың аяқ киімі. Ұлттық статистика бюросының деректерін талдау нәтижесі соңғы бір жылда бұл тауарлардың бағасы тұрақты түрде жоғары болғанын көрсетеді. Балалар аяқ киімінің баға индексі 112-115 пайыз аралығында сақталған. Ең жоғары көрсеткіш 2025 жылдың жаз айының соңында байқалған. Мамандар мұны аяқ киімге деген сұраныстың маусымдық өсуімен байланыстырады. Оқу жылы басталар алдында ата-аналардың жаппай аяқ киім сатып алуы бағаның көтерілуіне әсер етеді. Сондықтан аяқ киімді соңғы сәтке дейін күтпей алған тиімді болуы мүмкін.
Ал мектеп формасына қатысты жағдай біршама өзгеше. Ұлттық статистика бюросы биыл қаңтар айынан бастап мектеп формасының бағасы бойынша жеке статистика жүргізе бастады. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, жыл басында мектеп формасының баға индексі 110 пайызды құраған. Маусым айында бұл көрсеткіш 107 пайызға дейін төмендеген. Яғни бағаның өсу қарқыны біртіндеп бәсеңдеп келеді. Дегенмен бұл мектеп формасы арзандады деген сөз емес. Керісінше, тауар бағасы өткен кезеңмен салыстырғанда әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Осы орайда базарда сатушы болып қызмет жасайтын Гүлмира Тәкенқызымен де тілдестік. «Баға қымбат» деген уәжімізге кәсіпкер келіскендей жауап берді.
– Оқу жылы жақындаған кезде мектепке қажетті киім-кешек, аяқ киім, сөмке және кеңсе тауарларына сұраныс бірден көбейеді. Сұраныс артқан соң кейбір тауарлардың бағасы да көтеріледі. Оның үстіне, біз тауарды өзіміз де көтерме бағамен қымбатырақ аламыз. Жол ақысы, жалдау ақысы сияқты шығындар да бар. Сондықтан бағаны амалсыздан көтеруге тура келеді. Дегенмен, сатып алушыларға қолжетімді болсын деп, мүмкіндігінше бағаларды қатты өсірмеуге тырысамыз, ̶ деп ағынан жарылды сатушы.
Күн ыстығы басыла қоймаған тұста базарға барған біз «Баға неге қымбат?» деп айтуға сәл қымсынып қалғанымыз бар. Алдына келген тұтынушыға жарты сағат уақыт бөліп, бәрін егжей-тегжей түсіндіріп, базардың қапырық ауасында тер төккен сатушы еңбегі сол бағаға тұратындай көрінді.
Оқушының киімінен бөлек, кеңсе тауарларына кететін шығын да қалтаны қақпай қоймайтыны тағы бар. Соңғы бір жылда кеңсе тауарларының баға индексі 103-107 пайыз аралығында өзгерген. Ал 2026 жылдың маусым айында бұл көрсеткіш 105 пайыз деңгейінде тіркелді.
– Оқу жылы жақындағанда мектепке қажетті заттардың бағасы бірден қымбаттап кететіні бізге қиын тиеді. Бір балаға киім, аяқ киім, сөмке, оқу құралдарын алу оңай емес, ал бірнеше баласы бар отбасына бұл үлкен шығын. Бағаның осылай өсуі әсіресе көпбалалы отбасылардың жағдайын қиындатады. Сондықтан оқу құралдары мен мектеп киімдерінің бағасын қолдан қымбаттатпай, халықтың жағдайын ескерсе екен дейміз. Баланың білімі мен оқуына қажетті заттар әр отбасыға қолжетімді болуы керек, ̶ дейді көпбалалы ана Аида Ескермес.
Осы тұста жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы ата-ана үшін аз да болса көмек екені рас. Апта басында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы бұл бастаманың тұрақты жүргізілуін нықтап тапсырды.
«Мемлекеттік мектептерде білім алатын, бірақ тиісті көмекпен қамтылмай қалған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы балаларына қажетті көмек көрсетілуі тиіс. Ал жеке мектептерде оқитын көмекке мұқтаж оқушылардың мәселелерін демеушілер есебінен шешуіміз қажет. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында базарлардағы, сауда орындарындағы оқу құралдары, мектеп формасы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкелерін тұрақты өткізіп, оқу құралдарының жеңілдікпен сатылуын ұйымдастырыңыздар», ̶ деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Арзан баға қайда?
Мектепке дайындық кезінде ақшаны үнемдеудің бірнеше жолы бар. Сарапшылардың мәліметінше, кейбір тауарларды дүкеннен емес, базардан сатып алу тиімді. Жекелеген өнімдердің бағасында 500-1000 теңгеге дейін айырмашылық кездеседі.
Интернет-дүкендер де бюджетке салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Онлайн платформалардағы кейбір тауарлар базардағы бағадан 500-700 теңгеге арзан түседі. Алайда интернет арқылы сатып алудың өзіндік тәуекелдері бар. Мысалы, тауардың сапасы күткен деңгейден төмен болуы, киімнің өлшемі сәйкес келмеуі немесе тапсырыстың кешігіп келуі ықтимал.
Сондықтан мектепке дайындық кезінде ата-аналар үшін ең тиімді тәсіл – қажетті заттардың тізімін алдын ала жасап, бірнеше сауда нүктесіндегі бағаларды салыстыру. Бұл бір жағынан артық зат сатып алудан сақтаса, екінші жағынан отбасы бюджетін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!