ҚР Президенті Касым-Жомарт Тоқаев өндірушілер мен дестрюбетерлерге автокөліктерді және ауыл шаруашылығы техникасын халыққа қолжетімді етуді тапсырды. Сондай-ақ, біреудің қаңсығын таңсық қылып, ескі көліктерді елге кіргізуге жол бермеу керектігін атап өтті.

Отандық өндірушілер Президенттің бастамасын қолдап отыр. Олардың пікірінше қазақстандықтар отандық техниканы сатып алу кезінде қосымша шығынданбайды. Бізде құрастырылатын көліктерге төленетін утилизациялық жинақтың шығынын мемлекет жауып береді. Яғни, бұл төлем автокөліктің құнына еш әсер етпейді. Мемлекет басшысы «утилизациялық жинақтың құны қайта қаралатынын» айтты.

Алайда, барлық тарапқа тиімді шешім қабылдау керектігін ескертті. «Көбі Еуроодақтағы утилизациялық жинақтың мөлшерін жиі мысалға келтіреді. Алайда біз Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде жұмыс істейміз. Бұл Дұниежүзілік Сауда Ұйымының заңдылығы аясында ішкі нарықты тарифтік тұрғыдан қолдау деген сөз» – деді Қазақстан автобизнес Ассоциациясының өкілі Қайрат Еламанов ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

«Біз Еуразиялық экономикалық одақтың утилизациялық жинақ мөлшерін Ресеймен теңестіруді ұсынып отырмыз. Себебі бұл одақ ішіндегі ең үлкен нарық» – деді Қ.Еламанов. Сондай-ақ, ол кедендік баж салығы сияқты емес, утилизациялық жинақтың ақшасы толықтай Қазақстанда қалатынын атап өтті. Қазақстан елде көлік құрастыру саласын дамытуға бар мүмкіндікті жасап отыр. «Утилизациялық жинақ соның бір бөлігі. Елдегі өндірісте жергілікті өнім үлесінің артуын ынталандырды. Оны енгізгеннен кейін Шевроле брендімен Дженерал моторс, КИА, Хёнде, Рено, КамАз бізде жұмыс істеуге шешім қабылдады», – деді Қ.Еламанов.

Оның мәліметі бойынша Қазақстан автопромы ұсақ торапты құрастыру сатысынан өтіп, компоненттерді өндіру кезеңіне қадам басты. Қазір бірнеше зауыттың құрылысы жүріп жатыр. 2021 жылы ресми диллерлерде сатылған жаңа көліктердің 62,2% отандық өнім. «Утилизациялық жинақ енгізілгеннен кейін қазақстандық көліктердің экспорты 0 ден 12 мың данаға дейін өсті. Олар Ресей Федерациясына, Өзбекстан, Беларусь мемлекетіне сатылуда», – деді Қ.Еламанов. Ассоциацияның мәліметі бойынша бізде 2021 жылы 92 839 дана автомобиль өндірілген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп (77 431 дана).

Жүк тартқыштарды алғашқы тіркеу деректері бойынша 2021 жылдың 9 айында 104 Volvo маркалы тартқыш және 108 КамАЗ тіркеуге қойылған. Ал, 2020 жылы – 284 Volvo тартқышы мен 128 КамАЗ тіркелген. 2016 жылы утилизациялық жинақты енгізгеннен кейін автопромдағы тұрақты жұмыспен қамту 75%-ға өсті. «Қазір автопром кәсіпорындарында 3,7 мың адам, қызмет көрсету, сауда сияқты секторларында 7 мыңнан астам адам жұмыс істейді», – деді Ассоциация өкілі. Сарапшылар утилизациялық жинақты айтарлықтай арзандату Еуропадан ескі көліктерді тасумен айналысатындар үшін ғана тиімді деп санайды. 2035 жылға қарай Еуроодақ CO₂ газын шығаратын автомобилдьдерді өз аумағында сатуға толықтай тыйым салуы мүмкін.

Сондықтан өндірушілер қазірден бастап өзге елдерден жаңа нарық іздестіру үстінде. «Қазақстанда өндірілетін көліктер мен автокөлікті шетелден ресми импорттайтын компанияларға қауіпсіздік тұрғысынан қойылатын талап өте жоғары. Ал, шекара сыртынан көлік таситын жеке тұлғаларға Қауіпсіздік және экологиялық талаптар мүлде қойылмайды», – деді Қ.Еламанов.