Францияның Од департаментінде табиғи апат болды. Нақты айтқанда, торнадодан кемінде 26 адам зардап тартып, жүздеген үй зақымданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Euronews мәліметінше, торнадо дүйсенбі күні шамамен сағат 17:20-да Каркассон мен Лиму арасындағы мыңға жуық тұрғыны бар Помас коммунасын және оған жақын бірнеше елді мекенді шарпыған. Помаста жүзге жуық үй бүлініп, көпшілігінің шатыры ұшып кеткен. Кейбір ғимараттар толығымен қираған. 26 адам орташа дәрежеде жарақат алған. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетіліп, 5-еуі ауруханаға жеткізілді.

Үйлеріне қайта алмайтын тұрғындар үшін Помас пен Лимуда екі уақытша орналастыру орны ашылды. Жандармерия бүлінген үйлерді күзету үшін зардап шеккен аудандарда патруль ұйымдастырды.

Апат салдарын жоюға 115-тен астам өрт сөндіруші, оның ішінде қалалық ортада құтқару жұмыстарына маманданған 14 қызметкер мен кинологтар жұмылдырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!