Рухани байлығың мен дүниетанымыңды кеңейтер жол – саяхат. Саяхат – жаңа жерлерді көру ғана емес, жаңа мәдениет, жаңа қарым-қатынас. Саяхаттау – жан мен тәннің тыныштығы. Сол бір жан тыныштығын іздеп тарих пен заманауилықты тоғыстырған ерекше қала Ташкентке анаммен бірге сапар шектік. Ташкент шаһары – Өзбекстан мемлекетінің астанасы, тарих сүйер адамдар үшін өте қызықты қала. Ал анам екеуіміздің осы сапарда басымыздан өткерген қызықтарымызды ретімен баяндап берейік.

Тарихқа сапар

Ташкентке келген бойда ішімізге ел қондыру үшін түстенуге келдік. Өзбек халқының ұлттық тағамы палауға тапсырыс беру үшін «Besh Qozon» мейрамханасына аялдадық. Тағамдары біз ойлағаннан да керемет болып шықты. Кейінен, үш жүздің басын қосқан, Ұлы жүздің төбе биі Төле би бабамыздың кесенесіне табан тіредік. Төле би кесенесі пирамидаға ұқсас ерекше күмбезі бар тікбұрышты болып келеді екен. Төле би кесенесі қазақтың көп ғасырлық тарихының айқын куәгері. ХVII ғасырда өмір сүрген кіші жүздің ұлы биі Әйтеке би бабамыз да Өзбекстан Республикасы, Науаи обылысы, Нұрата ауданында жатыр. Бұл кесенелер көршілес елде болғанымен қазақ халқының рухани байлығын, мәдениетін ешқашан өшірмейді. Кешке қарай әлеуметтік желіде танымал болған жұлдыздар мұражайына бардық. Мұражай ішіндегі әлем жұлдыздары шынайы көрінеді екен. Ташкентке келіп жатсаңыз, міндетті түрде жұлдыздар музейіне келіңіз.

Дамыған шаһар

Келесі күні шаһардың заманауи бейнесін көруді бастадық. Ташкент метросымен жүрдік, іші оюлармен безендірілген әдемі әрі салқын. Кейін Ташкенттің телемұнарасына көтерілдік. Ғимарат биіктігі 375 метр. Қала алақандағыдай болып көрінеді. Ал кешке қарай «Magic city» саябағына бардық. Бұл – қаланың жаңа символдарының бірі, құдды бір ертегі әлемінде жүргендей болдық. Біз естіп жүрген «Disneyland» саябағының кіші нұсқасы екен, ішінде аквопарк пен ойын алаңдары өте көп. Сол маңайда «Seul moon» Корей елі мен Өзбекстан мемлекеті бірлесіп салған саябақты тамашаладық. Бұл жер екі елдің достығының көрінісі. Саябақтың «Seul moon» аталу себебі, Сеул – Оңтүстік Корея елінің астанасы. Сондықтан да кішкентай қалашық Сеул мун деп аталады.

Болашақтың қаласы

Жолға жиналып, тамашалап үлгермеген ойын алаңдарына да бардық. Содан соң түстеніп, жолға шықтық. Қимай-қимай қоштасып қайттым. Шаһар расымен туризмді дамытып, өзге ұлт өкілдерін де тартуда. Мұндай керемет атмосфераны сезінемін деп ойламадым. Жолым түссе тағы да баруға тырысамын. Саяхатқа қайда, кіммен бару маңызды емес, маңыздысы барған жеріңнің саған қалдырған әсері мен жүрегіңде орын алуы. Бұл сапар мен үшін ерекше естелікке айналды. Жаңа жер көру, өзге ұлттың мәдениетімен танысу, түрлі әсер алу жан-дүниеме шабыт сыйлады. Саяхат – жанның азығы, ал бұл сапар жүрегімде сақталатын жылы естелік болып қала бермек.

Құндыз САПЫҒАЖЫ,
оқушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!