Қытайдың оңтүстік жағалауына соққан жойқын «Майсак» тайфунынан кем дегенде 38 адам қаза тапты. Табиғи апат салдарынан бөгеттер бұзылып, көшкін жүргенін хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.

Ең көп зардап шеккен аймақтар – оңтүстіктегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы мен орталықтағы Хубэй провинциясы. Мұндағы нөсер, дамбалардың жарылуы және дауылды жел ондаған мың тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр етті.

Әскерилер, дрондар мен 5700 қайық жұмылдырылған ауқымды құтқару операциясы барысында апат аймағынан 130 мыңға жуық адам эвакуацияланды, оның ішінде Гуйган қаласында қамалып қалған 10 мыңнан астам студент пен оқытушы бар.

Бұған қоса, су тасқыны жергілікті елді мекендерді басып, электр жарығының өшуіне және хайуанаттар бағы мен улы жыландар өсіретін фермадан ондаған жануардың қашып кетуіне себеп болдыхабарлайды The Guardian.

Желіде жергілікті тұрғындардың жыландарды аумен ұстап жатқан видеосы тарады, кадрлардан лай судың ішінен басын қылтитып тұрған кобраны көруге болады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қашқан жыландардың арасында су жыландары, корольдік егеуқұйрық жыландары және кобралар бар.

Қазірдің өзінде бірнеше адам жылан шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген.

Сонымен қатар дауылды ауа райы Орталық Қытайға да жетті: Хубэй провинциясындағы торнадодан 11 адам қаза тапты. Көршілес Бангладештегі Рохинджа босқындар лагерінде жүрген көшкін кем дегенде 13 адамның өмірін қиды.

Зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру және дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр, алайда синоптиктер жауын-шашын әлі де жалғасатынын болжайды. Ал шығыс жағалау 10 шілдеден бастап жойқын «Бави» тайфунының соққысына дайындалып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!