Қазіргі буын өкілдеріне «Қандай кітап оқудасың?» дегенге қарағанда «Қандай дорама көріп жүрсің?» деп сөзге тарту, ортақ тақырыпта әңгімелесу оңайырақ. Корей дорамаларының аз уақытта сан жанарды жаулап алғаны рас. Бұл сөз қайдан шықты, неліктен жастар арасында танымал?

Дорама корей мәдениетімен тығыз байланысты. Қазіргі кезде дорамалар мәдени саланың дамуымен қатар ел экономикасы, яғни экспорттың қозғаушы күшіне айналды. Мұндай фильмдер жапон комиксі манганың экранизациясы ретінде ең әуелі Жапонияда жарыққа шықты. Жалпы Азия телесериалдарының ортақ атауына айналған «дорама» сөзі ағылшынның «драма» сөзінен пайда болған.
Сериясының аз болуы, режиссерлердің 16 немесе 24 серияда айтар ойды толық жеткізуі, кіршіксіз махаббат пен әдемі актерлар, арнайы музыканың жазылуы – туындының сапасын, танымалдығын арттыра түсті. «Сеулдің артқы көшелері» деп аталатын ең алғашқы дорама 1962 жылы жарыққа шыққан. Бұл уақытта мемлекет теледидар бағдарламасын қатаң бақылайтын болғандықтан, дорамалар халық сауатын арттыру, мемлекет саясатын насихаттау үшін түсірілген. Кейінірек романтикаға толы комедия ғана емес, детектив, фэнтези, тарихи драма жанрындағы фильмдер де танымал бола бастады.
Бүгін студент оқырмандарымызға сюжеті қызық, мотивация сыйлайтын дорамалар тізімін ұсынбақпыз.
«Стартапты» жетістікке жетсем дейтін студенттер міндетті түрде көруі керек. Бұл – ой мен сезімді қозғайтын кино. Тау қопаратындай амбициямен бизнес әлеміне беттеген Со Даль Миды өзі күтпеген дүниелер қарсы алды. Оның алғашқы махаббатымен кездесуінің өзі бір қызық. «Қолымнан не келеді, қалай үздік атануға болады?» деп аптығып жүрген жастардың уақыт өте бәрінен озып кеткеніне куә боласыз.
«Итэвон класстың» бір де бір минутын бейқам отырып қарай алмайсың. Саундтректеріне дейін санаңды сілкіп жібереді. Бай баласымен жанжалдасып қалған Пак Сэ Ройдың өмірі сол күннен бастап күрт өзгереді. Оны шытырманға толы өмір жолы күтіп тұр еді. Қаладағы ең ірі кәсіпкерге айналған жігіттің қайтпас мінезіне қайран қаламын десеңіз, мархабат!
«Шынайы сұлулық» дорамасы – әдемілік ұғымының мағынасын аша түсетін туынды. Келбетінен қысылатын Чжу Ген бір күнде сұлу болып шыға келеді. Бірақ оның әр күні әдемі жүзін қорғаумен, жан-жағындағылар біліп қоймасын деген оймен өтеді. Сымбатты Су Хо мен еркін мінезді Со Джун оны тек сұлулығына бола ұнатты ма?!
Көркем туындыны сіздерге серпіліс беріп, көңілден шығады деген сенімдеміз.


А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!