BAQ.KZ. Конго Демократиялық Республикасында 17 миллион тұрғыны бар ел астанасы Киншасаға бет алған кеме тоқтатылды. Мұндай шешім жолаушылардың бірі Эболаға тән белгілерден қайтыс болғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Reuters.
Басылымның мәліметінше, кеме бортына экипаж мүшелері мен барлық жолаушыны шұғыл тексеру үшін жылжымалы зертхана орналастырылған.
Конго Демократиялық Республикасының Денсаулық сақтау министрі Самуэль Роджер Камба баспасөз мәслихатында 32 жастағы ер адамның Эбола безгегінен көз жұмды деген күдік барын айтты. Оның сөзінше, марқұм ауру белгілері байқалғанға дейін ағыс бойымен шамамен 550 шақырым төмен орналасқан Монгала провинциясында жағаға түсіп кеткен.
Монгала провинциясының денсаулық сақтау басқармасының есебіне сәйкес, ер адам ем қабылдаған медициналық мекемеде қажетті талдау жиынтықтары болмағандықтан, одан биологиялық сынама бірден алынбаған.
Самуэль Роджер Камбаның айтуынша, әзірге жолаушылар арасында өзге өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
Конго Демократиялық Республикасы үкіметінің соңғы мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Эбола індетін 3 973 адам жұқтырған, олардың 1 801-і қайтыс болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
