KAZINFORM – 11 тамыздан бастап Францияда азаматтың алдын ала келісімінсіз жарнамалық қоңырау шалуға тыйым салынады. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес, компаниялар әлеуетті клиентке тек оның алдын ала келісімі болған жағдайда ғана хабарласа алады. Сонымен қатар азамат кез келген уақытта мұндай келісімін қайтарып алуға құқылы.
Франция билігінің мәліметінше, соңғы жылдары қабылданған шектеулерге қарамастан, телефон арқылы жасалатын жарнамалық қоңыраулар елде әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан Президент Эмманюэль Макронның үкіметі бұл талаптарды қатаңдату туралы шешім қабылдаған.
Заңда тек екі ерекшелік қарастырылған. Біріншісі – егер азамат тауар сатып алу, сайтқа тіркелу, сауалнама толтыру немесе дүкенге бару кезінде жарнамалық қоңырауларға келісім берген болса. Екіншісі – егер қоңырау компания мен тұтынушы арасындағы қолданыстағы шартқа қатысты болса.
«Франция билігінің бағалауынша, ел тұрғындарының шамамен 75%-ы аптасына кемінде бір рет қажетсіз жарнамалық қоңырау алады, ал көптеген азамат мұндай қоңырауларға бұдан да жиі тап болады», – деп жазды Euronews.
2024 жылы Франциядағы тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын 11 ұйым мұндай қоңырауларға толық тыйым салуды талап еткен болатын. Олар ұялы және стационарлық телефондарға үздіксіз қоңырау шалу миллиондаған адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналғанын мәлімдеген.
Жаңа талаптарды бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 75 мың еуроға дейін, ал компанияларға 375 мың еуроға дейін айыппұл салынады.
Мұндай шектеулер Германияда 2009 жылдан бері қолданыста. Нидерландта компанияларға өз клиенттеріне де олардың келісімінсіз жарнамалық ұсыныстармен қоңырау шалуға тыйым салынған. Сондай-ақ АҚШ, Канада және Ұлыбританияда да телефон маркетингінен бас тарту жүйелері жұмыс істейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
