Фото: Ашық дереккөзден алынды

Көктем келе жатқанымен, қазір қысқы демалыстың қызып тұрған шағы. Бүгінгідей суық ауа райында Қазақстан азаматтары қыс мезгілінде 34 елге визасыз кіре алады. Жыл сайын елімізден 7,7 миллион адам шетелде демалып келетін көрінеді. Оған қоса, бұл сан жылдан-жылға артуда. Себебі сыртқы туризм қолжетімді бола түсті, саяхат қалтаға қатты салмақ салмайды. Кез келген адам шамасына қарай тиімдісін таба алады. Сондықтан демалыста шетелге баратындардың қатары көбейіп отыр. Туризм саласының мамандары көп ақша жұмсамай-ақ демалып қайтуға болатын елдер тізімін жариялаған болатын. Олардың айтуынша, Қазақстан туристері көбіне жанға жайлы, жылы жерлерді жиі таңдап жатады екен.

Визасыз барам десеңіз…


Визасыз кіруге болатын 34 елмен қатар тағы 20-дан аса елге барып, әуежайында виза жасап алуға болады. Бірақ олардың арасында әзірге тек Мысыр елі танымал. Ал жалпы қазақстандық туристердің арасында ең танымал бағыт – БАӘ, Грузия, Түркия, Әзірбайжан. Кейінгі екі-үш жылдықта Өзбекстан да осы қатарға қосылыпты.
Мамандар қысқы маусымда адамдар көбіне жылы жаққа кеткісі келетінін айтады. Сонымен қатар көбі қыста белсенді демалысқа шыға бермейді. Көбі БАӘ, Таиланд, Қытайдағы Хайнань аралдарына барады. Осының ішінде Таиланд бағыты қазір тіпті тиімді болып тұр. Қазақстан азаматтары наурызға дейін Таиландқа ешқандай визасыз кіре алады.
– Бір апталық демалыс аса қымбат шықпайды дейді. Бірақ бірінші рет шетелге шыққалы отырғандарға әуелі жақын жатқан елдерге барып көруге кеңес бермін. Әркімнің талғамы әртүрлі, сұранысы да басқаша. Есесіне қаржы көп кетпейді, уақыт үнемдейді. Қысқы бағыт ретінде жақын елдерден Грузияға баруға болады. Көбі Грузияға тек жазда бару керек деп ойлайды. Бірақ бұл елде қыстыгүні де қызық көп. Географиялық тұрғыда Еуропаға жақын орналасқаны үшін, Грузия халқы да Рождествоны тойлайды, қала да ерекше безендіріледі. Еуропаға баруды армандап, бірақ ақша жинай алмай жүргендер де сапарды осы Грузиядан бастаса болады. Бұл елдің табиғаты ерекше әдемі. Бұл – бюджеттік нұсқа. Бір жақсысы, қыста ол жақта турист те көп болмайды. Сондықтан тур да, қонақүй бағасы да арзан шығады. Осылай Грузияға бір аптаға 200-300 мың теңгеге барып келе аласыз. Ұшақ, қонақүй, қыдырыс пен басқасын қосқандағы сома – осы, – дейді туризм саласының маманы Сандуғаш Бисенбай.

Үздік бестікті білесіз бе?


Пассив демалысты, жылы жаққа барып, жағажайда жатқанды ұнататындар үшін турагенттіктер өзінің үздік бес нұсқасын ұсынады. Тізім арзанынан қымбатына қарай жазылған.
Мұндай елдердің ішінде ең арзаны – БАӘ. Бұл жаққа тур бағасы арзан болғанымен, әмірліктегі өмір қымбаттау екенін ескеру керек. Тур пакет 200-300 мың теңге болады, бірақ түскі ас және басқасына қосымша ақша ала баруыңыз керек. Қосымша, шамамен, 250 мың теңге ала барған дұрыс. Бұл – бір адамға кететін шығын.
Тағы бір қымбат емес бағыт – Үндістан. “Бұл бағытқа қызығатындар саны енді артып келе жатыр” дейді мамандар.
– Үндістанға бару үшін виза жасату керек, бірақ оны рәсімдеу мүлдем қиын емес. Көбі Үндістан дегенде көз алдына тек лас жерлерді, дамымай қалған елді елестетеді. Бірақ елдің әр қаласы әртүрлі, әдемі жерлері де жетерлік. 400 мың теңгеңіз болса, ол жақта да бір апта бойы жақсылап демала аласыз. Үнді мұхитын көруге болады, ақ жағалау да табылады. Теңіз тағамдарын да тоя жеп қайтуға болады, – дейді эксперттер.
Аса қымбат емес бағыттардың ішінде Қазақстан азаматтары көбіне Таиландқа барғанды ұнатады. Сандуғаштың айтуынша, бұл ел барлық жастағы туристердің көңілінен шығады.
Ал үшінші бағыт – Таиланд. Бұл елде демалғанды үлкен-кіші де, жас-кәрі де – бәрі ұнатады. Биыл Қазақстан азаматары үшін керемет мүмкіндік туып отыр. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап, осы жылдың наурызына дейін қазақстандық туристер Таиланд аумағына визасыз кіре алады. Таиланд – аралдары бар мемлекет. Бармас бұрын, қай аралға барғыңыз келетінін таңдап алған дұрыс. Таиландқа барып келгендер елдегі климат өте жайлы екенін айтады. Экзотикалық жеміс-жидек те бұл елдің үлкен артықшылығы екені рас. Бұған қоса көпшілік жақсы көретін тай массажының бағасы да өте арзан. 300-400 мың теңгеге бір аптаға тур сатып алуға болады. Қосымша шығын шамамен 100 мың теңге болады.
Мамандар ұсынған төрінші бағыт – Мальдив аралдары. Алайда бұл саяхаттың бағасы алдыңғыларға қарағанда қымбаттау шығады.
Мальдив аралдары жасалатын турларға да сұраныс артып келеді. Онда 700 мың теңгеге 10 күн бойы жақсылап демалып келуге болады. Бұл жақтың табиғаты бөлек. Мальдив аралдары теңіз асты өмірімен танымал, дайвиң сүйетіндер үшін керемет нұсқа. Мұнда акулалармен бірге жүзуге болады. Түрлі қызық экскурсия да бар. Көбі Мальдивке бару үшін екі-үш миллион теңге керек деп жаңылады. Қазір арзандау әуе компаниялары бар. Бұған қоса қонақүйдің де ең қымбатына емес, сәл арзандауына көз салсаңыз, Мальдив те соншалық қымбат болмайды.
Оған қоса, Қытайдағы аралдардың танымалдығы арта түседі дейді мамандар. Бұған Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 күндік визасыз режим оң әсер еткен. Бірақ қазір ол уақыт өз мәресіне жетіпті. Дегенмен, бұл – тарихты білетін, тарихи деректерді білуге құштар адамдар үшін өте қызық бағыт болған. Қалай дегенмен, Қытайда да көретін зат көп. Бір ғана Ұлы Қытай қамалын көру үшін барғысы келетіндер де бар. Сондықтан жақында елдің тарихи аумағына экскурсиялар мен жағажай жанындағы пассив демалысты біріктіріп, жаңа турлар ашылуы мүмкін. Демек, мұндай турларға сұраныс та арта түспек.


А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!