Бүгінде әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, бұл сусынды танымайтын адам жоқ шығар. Біреу үшін ол балалық шақтың дәмі болса, енді бірі үшін мерекелік дастарқанның ажырамас бөлігі. Десе де дәрігерлер бүгінде тұтынуға ұсынбайтын «Coca-Cola»-ның алғашында шөл қандыратын сусын емес, дәріхана сөресінде сатылған емдік дәрі болғанын білесіз бе?

Сусынды ойлап тапқан адам – америкалық фармацевт Джон Пембертон. Азамат соғысында ауыр жарақат алғаннан кейін ол аурудың азабын басу үшін морфийді жиі қолдануға мәжбүр болып, уақыт өте келе есірткіге тәуелділіктен арылудың жолын іздей бастайды. Осы ізденістің нәтижесінде ол алғашында шарап пен сол кезеңде тыйым салынған заттар қатарына енбеген кокаин негізінде дайындалған алкогольді сусынның бірнеше үлгісін жасап көреді. Алайда 1885 жылы Джорджия штатының бірқатар өңірінде «құрғақ заң» күшіне еніп, Пембертон үшін кедергі туғызды. Сол үшін ол өз тәжірибесін жаңа арнаға бұрып, алкогольсіз құрамдарды сынақтан өткізіп, кейін әлемге кеңінен танылған сусынның негізін қалаған жаңа рецептураны іздестіруге кірісті.

Алғашқы дайындалған қоспа дәріханада бір стақанға бес центтен сатылды. Оның құрамында кока жапырағының сығындысы мен кола жаңғағының экстракты болды. Дәл осы екі өсімдіктің атауы бірігіп «Coca-Cola» деген атау пайда болды. Кейінірек кездейсоқ шәрбатқа газдалған су қосылып кетеді. Жаңа дәм жұртшылыққа ерекше ұнап, емдік өнім бірте-бірте сергіткіш сусын ретінде таныла бастайды. Осылайша адамзат тарихындағы ең әйгілі брендтердің бірі өмірге келді.

Қызығы, бүгінде «Coca-Cola» рецепті әлемдегі ең құпия формулалардың бірі саналады. Компания нақты құрамын жарияламайды. Тіпті бұл құпия арнайы қорғалған сейфте сақталатыны жөнінде түрлі дерек айтылады. Рецептінің толық нұсқасын санаулы адамның ғана білетіні туралы аңыз да осыдан шыққан. Әрине, бұл компанияның маркетингтік стратегиясының бір бөлігі болғанымен, құпия формула туралы әңгімелер брендтің тартымдылығын арттыра түсті.

«Coca-Cola» төңірегінде таралған ең қызық мәліметтердің бірі оның түсіне қатысты. Көпшілік сусынның қоңыр түсі жасанды бояулардың арқасында пайда болады деп ойлайды. Шын мәнінде, қазіргі «Coca-Cola»-ның классикалық нұсқасына қоңыр реңк беру үшін негізінен карамель бояуы (E150d) қолданылады. Бұл тағам өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылатын кәдімгі карамельден алынатын бояғыш.

Дегенмен әлемде жәндіктерден алынатын табиғи қызыл бояу расымен де бар. Ол кармин деп аталады және ұсақ кошениль жәндігінен өндіріледі. Кармин көптеген кәмпит, йогурт, шырын, косметикалық өнімдердің және кей сусынның құрамында кездеседі. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде «Coca-Cola-ның түсі жәндіктен алынады» деген пікір кең таралған. Алайда бұл мәлімдеме классикалық «Coca-Cola»-ға қатысты шындыққа сәйкес келмейді. Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, оның дәстүрлі сусынында кармин қолданылмайды. Бұл мысал ақпаратты тексерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бір өнімде қолданылатын ингредиент екінші өнімге де міндетті түрде пайдаланылады деген жансақ пікір.

«Coca-Cola» тарихындағы тағы бір қызық дерек – оның алғашқы жылдары құрамында кока жапырағының табиғи сығындысы болғаны. Сол кезеңде бұл заңмен шектелмеген еді. Алайда ХХ ғасырдың басында заңнамалар өзгеріп, компания өнім құрамынан есірткілік қасиет беретін заттарды толық алып тастады. Қазіргі «Coca-Cola»-ның құрамында мұндай заттар жоқ.

Брендтің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі де ерекше. Мысалы, бүгін біз білетін қызыл киімді, ақ сақалды Аяз атаның бейнесін дәл «Coca-Cola» ойлап тапты деген пікір кең таралған. Негізінде, Аяз ата бұған дейін де әдебиетте, суреттерде және жарнамаларда кездескен. Бірақ 1930 жылдардағы «Coca-Cola» жарнамалары осы бейнені бүкіл әлемге кеңінен танытып, оның қазіргі қалыптасқан келбетін танымал етуге зор ықпал етті. Сондықтан бұл компания жаңа кейіпкер жасаған жоқ, керісінше бұрыннан бар образды жаһандық символға айналдырды деуге болады.

P.S.Қанша жерден танымал, әрі дәмді болса да газдалған сусынды мөлшермен тұтынған жөн.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!