Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі
KAZINFORM – Жыл басынан бері шетелде жүрген шамамен 115 мың өзбекстандық еңбек мигранты Отанына оралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, президент Шавкат Мирзиёев халықты жұмыспен қамту басты мәселе екенін атап өтіп, барлық деңгейдегі басшыларға оны жүйелі шешуді тапсырды.
«Қаңтар – наурыз аралығында 58 мың азамат, сәуірде 57 мың өзбекстандық Отанға оралды. Ал жыл соңына дейін тағы 250-300 мың адам елге қайтады деп күтілуде», – деп мәлім етті Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.
Сәйкесінше Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға көші-қон бойынша бірыңғай ақпараттық платформа құруды тапсырды. Сонымен қатар шетелде жұмыс істейтін және қиын жағдайға тап болған өзбекстандықтарды Отанына оралғаннан соң жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу міндеті жүктелді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!