SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Трамп Таяу Шығыстағы тұрақтылық үшін араб елдерін «Ибраһим келісіміне» қосылуға шақырды. Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы бойынша бейбіт келісім жасалған жағдайда Сауд Арабиясы, Катар, Пәкістан, Түркия, Мысыр және Иордания аталған келісімдерге қосылуы тиіс. Оның пікірінше, бұл қадам Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға мүмкіндік береді.

Ақ үй басшысы Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейннің бұл келісімдерге әлдеқашан қосылғанын еске салды. «Ибраһим келісімі» Израиль мен мұсылман мемлекеттері арасындағы қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған. Құжат аясында дипломатиялық байланыс орнату, елшіліктер ашу және экономика мен қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық қарастырылған.

Трамптың сөзінше, ол 25 мамыр күні Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Пәкістан, Түркия, Мысыр, Иордания және Бахрейн басшыларымен сөйлесіп, осы мәселені талқылаған.

Аталған келісімдер алғаш рет Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде, 2020–2021 жылдары АҚШ-тың арағайындығымен жасалған. Сол кезеңде Израиль бірнеше араб елімен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан еді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!