KAZINFORM — Ferrari компаниясы өзінің алғашқы толық электрлі көлігін ресми түрде таныстырды. Ferrari Luce деп аталған төрт есікті суперкардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Аңызға айналған спорткар өндірушісі үшін бұл соңғы жылдардағы ең тәуекелі жоғары әрі ең көп күтілген жобалардың бірі саналады.
Жаңа электрлі Ferrari сағатына 310 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Көліктің бағасы 500 мың еуродан асады.
Luce атауы италия тілінен аударғанда «жарық» деген мағынаны білдіреді.

Жаңа модель форматы мен дизайны жағынан Ferrari-дің дәстүрлі көліктерінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Ferrari Luce моделін әзірлеуге LoveFrom студиясы қатысқан. Бұл студияны Джони Айв құрған. Ол бұған дейін Apple компаниясының бас дизайнері болған.
Дереккөздердің мәліметінше, электрокарға көлемі ірі кузов пен брендтің классикалық үлгілеріне ұқсамайтын ерекше дизайн берілген.
Сарапшылар Ferrari-дің алғашқы электромобилінің нарыққа шығуын luxury-суперкар индустриясы үшін маңызды кезең деп бағалап отыр.
Ferrari компаниясы электрлі көлік жобасымен бірнеше жыл бойы айналысқан.
Дайындық жұмыстары он жылдан астам уақыт бұрын Formula One жарыс болидтеріне гибрид технологияларын енгізуден басталған.
Компания алғашқы сериялық гибрид модельдерін 2019 жылдан бастап шығара бастады.
Ferrari Luce көлігінің алғашқы жеткізілімі клиенттерге қазан айында басталады.
Бұған дейін әлемдегі электромобиль сатылымы 2026 жылы қайта өсіп, 23 миллион данаға жететіні хабарланған еді. Сарапшылардың болжамынша, бұл әлемде сатылатын барлық автокөліктің шамамен 30 пайызын құрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
