Синоптиктер 31 мамыр, жексенбі күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылатынын ескертті. Ел аумағында аптап ыстық, шаңды дауыл, найзағайлы жаңбыр, бұршақ пен екпінді жел күтіледі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Қазгидромет» мәліметінше, бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды.
Абай облысының оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ өңірдің оңтүстігінде 36 градусқа дейін аптап ыстық болады. Облыстың батысы, оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Желдің екпіні шығыста және таулы аймақтарда секундына 18 метрге дейін күшейеді. Күндіз облыста 35 градус, ал солтүстік пен орталық бөліктерінде 38 градусқа дейін ыстық болады. Қонаевта да ауа температурасы 36-38 градусқа дейін көтеріледі.
Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөлігінде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Желдің екпіні кей сәтте секундына 18 метрге дейін жетеді.
Жетісу облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Облыстың шығысында жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз 35-37 градус аптап ыстық болады. Талдықорғанда да ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Жамбыл облысында күндіз найзағайлы өткінші жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасы 38 градусқа дейін ысиды.
Түркістан облысының батысы мен таулы аудандарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Облыстың солтүстігінде шаңды дауыл соғады. Күндіз өңірде 41 градусқа дейін аптап ыстық болады. Түркістан қаласында ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.
Қызылорда облысында түнде оңтүстік пен орталықта өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Күндіз облыстың солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Оралда да жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр.
Қостанай облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысындатүнде өткінші жаңбыр мен найзағай, күндіз жаңбыр, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Облыстың батысы мен оңтүстігінде желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Петропавлда түнде және таңертең тұман түседі.
Ақтөбе облысында түнде солтүстік пен шығыста найзағайлы жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен орталығында тұман күтіледі. Өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ақтауда түнде қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болжанды.
Павлодар облысында күндіз 32-37 градусқа дейін аптап ыстық болады. Павлодарда ауа температурасы 33-35 градусқа дейін көтеріледі.
Ұлытау облысында және Жезқазғанда күндіз 32-37 градус ыстық күтіледі.
Қарағанды облысының бірқатар ауданында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында да төтенше өрт қаупі бар.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райы болжамын қадағалап, аптап ыстық пен дауылды жел кезінде сақ болуға шақырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
