Қазақстандық психологтер оқушылардың не себепті мектепте агрессиялық іс-әрекеттерге баратынын және жасөспірімдердің бойындағы ашуы-ызаны қандай факторлар қалыптастыратынын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Психолог Ермек Нұрымовтың айтуынша, балалар арасындағы агрессия қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып бара жатыр. Тек Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттерде де бұндай жағдайлар көптеп кездесетін көрінеді. Сол үшін де қазір әр мектепте психолог мамандарының болуы маңызды. 

“Агрессияның көпшілігі мектеп қабырғасында болып жатады. Біз баланың ойында және оның отбасында не болып жатқанын біле бермейміз. Бұл жерде алдымен, агрессияға алып келетін негізгі факторларды зерттеуіміз керек. Жасөспірімдердің көбі құрдастарынан әлімжеттік көріп, оны көтере алмағандықтан, оларға сөзбен жауап қайтара алмайтындықтан агрессиялық іс-әрекеттерге барып жатады. Яғни, қолына қару немесе пышақ алып, соның көмегіне ғана жүгінуді жөн санауы мүмкін. Cондай-ақ әлеуметтік желідегі ойындарға миы әбден уланып қалған балалар сол жердегі іс-әрекетті өмірде істеп көргісі келеді. Бұнымен қоса отбасындағы жағдайлар, әке-шешесінің қарым-қатынасы немесе әке-шешесінің балаға деген қарым-қатынасы әсер етеді. Егер баланы ата-анасы әрқашан ұрып-соғатын болса немесе баланың көзінше бірін-бірі төпештейтін болса бұны көрген жеткіншек бойындағы жиналған агрессияны мектепте шығаратыны анық”, – дейді маман. 

Психологтің сөзінше, агрессияның өзі бірнеше топқа бөлінеді:

  • Тікелей агрессия кезінде жасөспірім өзіне қарсыласқан адамға, мейлі ол жақын адамы болсын бірден сөзге келмей, күш қолданады.
  • Агрессияның тағы бір түрі – қорғаныш агрессиясы. Яғни, балаға біреу агрессиялық мінез-құлық танытса, одан қорғану мақсатында ол да өз агрессиясын көрсетеді. Сондай-ақ жанама агрессия деген бар. Бұл кезде жанында тұрған заттарға зиянын тигізеді, қолындағы тұрған затты лақтырып жіберіп, жануарларға күш көрсетеді. 
  • Одан бөлек, пассивті агрессия кезінде қандай да бір зұлымдық іс-әрекетті өзінің ойында, қиялында іске асырып отырады. Жек көретін адамын визуалды түрде пышақтау, ұрып-соғу арқылы өзінің агрессиясын көрсетеді.
  • Сонымен қоса аутоагрессия кезінде жасөспірім өзіне агрессия жасаған адамға жауап қайтара алмай, оған күші жетпеген соң өз-өзіне қиянат жасайды. Өзі-өзі тырнау немесе денесіне темірмен жарақат жасау арқылы агрессиясын сыртқа шығарып жатады. Бұның соңы көбінесе суицидке әкеледі. 

Психологтің сөзін әріптесі Мөлдір Мақсатқызы да қолдап отыр. Айтуынша, балалардың арасындағы агрессияның туындауына құрдастарымен болатын “бәсекелестік” те әсер етеді. 

“Қазіргі кезде қызылды-жасылды дүние көп. Барлығы қолжетімді. Қызығатын дүние жетерлік. Сол себепті балалардың арасында бәсекелестік туындайды. “Менде бар, сенде жоқ” деген нәрседен балалар өзін төмен санап, ішінде жағымсыз эмоция қалыптасады. Сол негативті эмоциялар агрессиямен, жаман қылықтармен, қоғамға жат әдеттермен сыртқа шығады. Қазір балалардың барлығы гаджеттерімен әлеуметтік желіде көп отырады, одан қалса ойын ойнайды.  Әсіресе, TikTok пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық пен жаман қылықтар көрсетіледі. Бұл да баланың психикасына тікелей әсер етеді”, – дейді психолог. 

Еске сала кетсек, жақында 9-сынып оқушыларының бірі мектепке балта мен пышақ әкеліп, сабақ басталар алдында жоғары сынып оқушыларына шабуыл жасаған болатын. Өкінішке қарай екі бала басы мен білегінен пышақ жарақатын алып балалар ауруханасында жатыр, үшінші балаға сол жерде медициналық көмек көрсетілген. Зардап шеккен балалар 10 және 9-сыныпта оқиды. 

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы алдын ала мәліметтер бойынша оқушыларға шабуыл жасаған жасөспірім психиатриялық диспансерде есепте тұрған. Алай бұл оны құрдастарынан оқшаулап, мектепке оқуға жібермеу керек дегенді білдірмейді. Психологтардың айтуынша, жасөспірімді есепке алуға болатын девиантты мінез-құлықтың бірнеше деңгейі бар. Бұл невротикалық, шекаралық және психикалық. Егер невротикалық жасөспірім қарапайым өмір сүре алса, онда ары қарай оны мұқият бақылау керек. Психолог мұндай адамдарды қоғамнан оқшаулау мәселесі өте даулы екенін атап өтті, өйткені олар жылдар бойы есепте тұрып, аурудың өршігенін білдіртпеуі мүмкін. Мұндай жағдайда оқушыны оқуға жіберу-жібермеу туралы шешімді оның емдеуші дәрігері қабылдайды. 

Петропавлдағы оқиғаға байланысты баланың әлеуметтік желідегі белгілі бір ойынның қатысушысы болғаны, сол жердегі тапсырманы орындағаны туралы ақпарат тараған еді. 

Алайда психологтер әлеуметтік желілердің, фильмдердің немесе ойындар агрессиялық мінез-құлықтың негізгі себебі бола алмайтынын атап өтті. Салауатты психикасы бар адамға маньяктар туралы әлеуметтік желілердегі жазбалар, олардың бейнесі немесе әртүрлі қатігездік көрінісі бар ойындар әсер ете алмайды. Айтуларынша, баланың агрессияшыл болмауы үшін жастайынан дұрыс тәрбие берілуі керек.

“Қазақта “баланы жастан” деп айтып жатады ғой. Одан бөлек, “балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас” дейді. Бұның бәрі бекер емес. Бәйгеге шапқан кезде де аттың басын керек кезде жіберіп, керек кезде тартып отыру керек қой. Қазіргі кезде ата-аналардың көбі “баланы еркін тәрбиелеу керек, оның айтқанының бәрін жасау керек деген сияқты ұстанымды ұстай отырып, баланы босаңсытып алады. Ертеңгі күні содан өзіміз опық жеп отырамыз. Сол себепті кей кездерде тыйым салып отырғанымыз артық етпейді”, – дейді Ермек Нұрымов. 

Сондай-ақ, екіншіден балаға өз эмоциясын айтып отыруды үйрету керек.

“Егер көңіл-күйі жоқ болса, не жағдай болғанын айтқызу керек. “Осындай іс-әрекеттің салдарынан менің көңіл-күйім түсті. Соның салдарынан өзімді жайсыз сезініп отырмын” деп өзінің сезімін ашық білдіртіп, үйрететін болсақ ондай балада агрессия мүлде болмайды. Егер агрессиясын шығарғысы келетінін айтса аспалы тұлыпты (груша) ұрғызып немесе қыз баласы болса жылап алуына мүмкіндік беру керек. Бізде керісінше, “жылама, көз жасыңды сүрт” деген сөздерді айтуға құмармыз. Кейде орынды пайдаланбаймыз. Егер біз бұл сөздерді орынсыз қолданып, баланы әрқашан баса беретін болсақ, ертеңгі күні үлкен агрессияға алып келеді. Серіппені баса берген сайын ол соншалықты алысқа ұшады. Баланы да солай баса беретін болсақ, ол кейін ынжық болады немесе өте агрессивті тұлға болып өсуіне толыққанды негіз бар. Болмаса баламен агрессиясын қалай шығаратыны жөнінде ашық сөйлесу керек. “Мүмкін барып диванды тепкісі келетін шығар, болмаса боқтық сөздер айтқысы келеді”. Ұнатқан нәрсесін жасауға рұқсат берген дұрыс”, – дейді психолог. 

Мөлдір Мақсатқызының айтуынша, балалардағы агрессияның алдын алу үшін бірінші отбасындағы тәрбие дұрыс болу керек.

“Өйткені, біз интернет пен әлеуметтік желілерге тоқтау сала алмаймыз. Жағымсыз роликтерді өшіре алмаймыз. Баламен келісіп отырып, телефонды шектеу арқылы уақытын басқа да қызықты дүниелерге бөліп, онымен көп сөйлесу арқылы, көп көңіл бөлу арқылы, сондай-ақ отбасындағы ұйытқыны сақтау арқылы баладағы агрессияның алдын-алуға болады. Біз психологқа апарамыз, басқа да конструктивті әрекеттер жасаймыз. Бірақ ең біріншіден отбасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаған жағдайда ешнәрсе дұрыс болмайды. Бұның барлығы балаға әсер етіп, тек солай ғана жеңе аламыз”, – дейді психолог. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!