Алматыда адамдарды ұрып-соғып, тонағандар ұсталды. Қазір аталған факті бойынша, төрт азамат күдікті ретінде тергеліп жатыр. 17 және 19 жастағы жігіттер қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіттер қылмысты кісі көп жиналатын орындар мен саяқбақта жасаған.

«Күдікті ретінде 17 жастағы Д. есімді азамат, Ж. есімді азамат, Н. есімді азамат және 19 жастағы Б. есімді азамат ұсталды. Олар заңсыз баю мақсатында өтіп бара жатқан адамдарды пышақпен қорқытып, ұрып-соғып, ұялы телефондары мен басқа да мүліктерін тартып алған. Төрт жігіт саябақ пен халық көп жиналатын жерлерде жүрген. Олар қорғансыз азаматтарға түнгі уақытта ғана шабуыл жасаған. Аталған тұлғалар ұсталып, қарақшылық шабуыл жасағанын мойындады», – дейді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Полиция өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта ұсталғандардың жалпы Алматы қаласында осыған ұқсас, бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Тәртіп сақшылары күдіктілердің қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтардың Медеу аудандық ПБ-ға хабарласуын сұрайды: 8 (727) 254-48-02; 8-702-476-66-60.



 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!