Қазақстанда былтырғы және биылғы шілде айларын салыстырғанда жаңа пәтерлердің бағасы 19,6 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Бюроның мәліметінше, бір жылда (былтырғы және биылғы шілде айларын салыстырғанда) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,4 пайызға, жаңа пәтерлерді сату 19,6 пайызға өсті.

Тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы шілдеде 20,8 пайызға артты. Өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығындағы баспана жылдық мәнде Ақтөбе қаласында – 32,5 пайызға, Нұр-Сұлтанда – 27,6 пайызға, Өскеменде 26,1 пайызға қымбаттады. Қолданыстағы үйлерді қайта сату нарығында баға өсімі бойынша көшбасшылар – Қызылорда (44 пайыз), Өскемен (43,7 пайыз), Талдықорған (43,4 пайыз) және Нұр-Сұлтан қалалары (41,3 пайыз), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Алматы қаласы (47,2 пайыз).

Бір айдың ішінде (2022 жылғы шілде мен маусымды салыстырғанда) пәтерлерді қайта сату бағалары – 0,8 пайызға, жаңа тұрғын үйді сату 0,5 пайызға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда шілдеде 0,4 пайызға жоғарылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!