BAQ.KZ. Бүгін еліміздің мектептерінде жаңа оқу жылы басталды. Биыл 8 мыңға жуық мектепте 4 миллионнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 380 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.
Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменова 1 қыркүйек – Білім күніне орай ұстаздар, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Оның айтуынша, биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталып отыр. Күшіне енген Жаңа Конституцияда адам капиталын, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған.
Білім саласының алдында тұрған негізгі міндет – отаншыл, білімпаз, еңбекқор, елге жанашыр, заңға бағынатын адал азамат тәрбиелеу, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің міндетін атқарушы жастардың бойында қоғамдық әдеп, жауапкершілік және өзара құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Бүгінде елімізде білімге деген мемлекеттік көзқарас өзгерді. Білім – ел болашағына салынған стратегиялық инвестицияға, ал мұғалімдеріміз – мемлекетіміздің адам капиталын қалыптастыратын негізгі тұлғаға айналды, – деді ол.
Жұлдыз Сүлейменова оқушыларға жаңа оқу жылында білімге ұмтылып, ізденуге және өз күшіне сенуге шақырды.
Алдарыңызда жаңа білім, жаңа достар және жаңа мүмкіндіктер тұр. Армандаңыздар, ізденіңіздер, өздеріңізге сеніңіздер! – деді ол.
Министрдің міндетін атқарушы ата-аналар мен ұстаздарға да ізгі тілегін білдіріп, жаңа оқу жылының сәтті өтуіне тілек білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
