Еgemen.kz. Оқу жылының алғашқы күні – мектеп табалдырығын бірінші рет аттайтын бала үшін де, ата-ана үшін де ерекше сәт. Бұл күн әр елде әртүрлі деңгейде өтеді екен.
Мысалы, Жапонияда мектепке алғаш баратын балаларына ата-аналары қатты пішінді былғары материалдан жасалған мектеп сөмкесін сыйлайды. Бұл сөмкелер берік әрі күн сайын пайдалануға төтеп беретіндей етіп жасалғандықтан, бала оны бастауыш мектепте яғни алты жыл бойы ұстай алады. Дәстүр бойынша, қыздарға қызыл, ал ұлдарға қара түсті сөмке беріледі.
Ал Үндістанда оқу жылы «Қабылдау күні» мерекесімен басталады. Бұл – білім алушыларға арналған мереке есебінде. Оны көбіне мектеп әкімшілігі, жергілікті билік ұйымдастырады. Мерекелік көңіл күйді арттыру үшін мектепте балаларға түрлі сыйлықтар мен тәттілер таратылады. Олардың арасында кәмпиттер, оқу құралдары мен кеңсе тауарлары, жаңа мектеп сөмкелері, кейде күтпеген сыйлық ретінде қолшатырлар да беріледі. Үндістан мектептерінде оқу жылы әдетте мамыр айының соңы немесе маусым айының басында басталады. Бұл кезең елдегі муссон маусымымен тұспа-тұс келеді. Жаңбырлы күні мектепке жаяу баратын бала үшін жаңа әрі сапалы қолшатыр таптырмас сыйлық.
Жаңа оқу жылын бастау Еуропа елдерінде де маңызға ие. Айталық, Германиядағы бірінші сынып оқушыларының алғашқы күні ерекше дәстүрмен байланысты. Балаларға «Schultüte» деп аталатын үлкен түрлі-түсті конус сыйланады. Оның ішіне кәмпит, ойыншық, оқу құралдары және баланы қуантатын басқа да ұсақ заттар салынады. Бұл дәстүрдің мақсаты – мектепке баруды бала үшін қуанышты оқиғаға айналдыру. Балалар өздерінің үлкен конустарын көтеріп, ата-аналарымен бірге мектепке барады. Бүгінде «Schultüte» неміс мектеп мәдениетінің ең танымал нышандарының біріне айналған.
Оңтүстік Кореяда оқу жылы наурызда басталады. Алғашқы күндері оқушылар жаңа сыныптарымен, мұғалімдерімен танысып, оқу тәртібі туралы ақпарат алады. Әсіресе бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн маңызды. Олар мектеп ғимаратымен танысып, сабақ кестесін, мектеп ережелерін, күнделікті тәртіпті үйренеді. Ата-аналар үшін де баласының мектеп табалдырығын аттауы отбасылық оқиға саналады.
Финляндия мектептерінде алғашқы күннің басты ерекшелігі – баланы бірден қатаң оқу тәртібіне салмау. Оқушылар мұғалімдерімен, сыныптастарымен танысып, мектеп ғимаратына бейімделеді. Кейбір мектептерде алғашқы күндері ойын, топтық жұмыс, түрлі танысу жаттығуларына басымдық беріледі. Мұның мақсаты – оқушының мектепті қауіпсіз әрі жайлы орта ретінде қабылдауына жағдай жасау.
АҚШ-та оқу жылының алғашқы күні көбіне «Back to School» маусымының маңызды бөлігі ретінде қабылданады. Балалар жаңа оқу құралдарын алып, жаңа киім киіп, мектепке дайындалады. Ата-аналардың баласын мектеп алдында суретке түсіруі де кең тараған әдет. Әлеуметтік желілерде «First Day of School» деген жазумен баланың суретін жариялау АҚШ-та қалыптасқан мәдени дәстүрлердің біріне айналды. Кей мектептерде алғашқы күні оқушыларға арналған танысу шаралары, ойындар, мектеп клубтары туралы таныстырылымдар және арнайы іс-шаралар өткізіледі.
Аустралияда оқу жылы қаңтар айының соңында, кейде ақпанның басында басталады. Елдің көптеген мектебі табиғатқа жақын орналасқандықтан, оқушылардың алғашқы күндері мектеп ауласында немесе ашық кеңістікте түрлі танысу іс-шаралары өткізеді. Балалар жаңа сыныптастарымен, мұғалімдерімен сөйлеседі, мектептің ішкі тәртібімен танысады.
Әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, мектептің алғашқы күнін өткізу формасы әртүрлі болғанымен, негізгі мақсат біреу: баланы білім әлеміне қуанышпен қадам басуына әзірлеу. Психологтер баланың жаңа орта туралы алғашқы әсері оның кейінгі қарым-қатынасына ықпал ететінін атап көрсетеді. Мектепке алғаш келген бала өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінсе, жаңа ортаға бейімделуі де жеңілдейді. Сондықтан көптеген елде оқу жылының алғашқы күні бірден сабақ өткізуден гөрі, танысуға, ойынға, мектеппен таныстыруға, мерекелік шараларға көбірек көңіл бөлінеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!