2023 жылғы «Алтын белгі» үміткерлеріне талап күшейеді. Бұл туралы ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі жылдан бастап «Алтын белгі» үміткерлеріне талап күшейеді. Олар мынадай талаптарға сай болуы тиіс. Біріншіден, жалпы орта білім беретін оқу бағдарламасына сәйкес, 10, 11 сыныптардағы оқу кезеңінде тоқсандық, жылдық және қорытынды бағалары 5 болуы керек. Сондықтан келесі жылы 10, 11 сыныпта жылдық және қорытынды баға ғана емес тоқсандық та, жылдық та, қорытынды да баға есепке алынады. Екіншіден, жалпы орта білімді аяқтағаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында алгебра және талдау негіздері оқу пәні бойынша қорытынды атестаттаудан өтуі керек», – деді ол министрліктің Instagram парақшасында өткен онлайн брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, 2023 жылдан бастап «Алтын белгі» үміткерлері қалған төрт пәнді өздері білім алған мектепте тапсырады. «Үшінші талап, үміткердің негізгі білім беру туралы үздік атестаты болуы тиіс. Яғни, ол 9 сыныпқа дейін үздік оқуы керек деген сөз», – деді Жомарт Қарамбаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!