Сыр өңірінде жыл көлемінде көптеген жұмыс атқарылып, бүгінде халық игерілген істердің игілігін көруде. Бірнеше бағдарлама бір уақытта жүзеге асып, алғашқылары жемісін беріп те үлгерді. Осы орайда халықтың сұранысына сәйкес жаңа әуежайдың құрылысы басталған еді. Ал апта басында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалының тұсауы кесілді. Салтанатты ашылу іс-шарасына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Одан бөлек, аймақтың бірнеше нысанына шолу жасап, қалада атқарылып жатқан әлеуметтік жұмыстармен танысты.
Бұл жоба өңірдің сауда-экономикалық, туристік мүмкіндіктерін арттырып, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көлік қызметінің қолайлы болуын қамтамасыз етеді. Жобаны орындауға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 миллиард теңге қаражат бөлді. Ал жергілікті қазынадан әуежай аумағын абаттандыру мен инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол мен жарықтандыру жұмыстарына 4,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге арттырмақ, яғни жолаушылар саны жылына 300 мыңнан 2 миллионға дейін өспек. Ауданы 7 500 шаршы метрді құрайтын терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да дамыған технологиялармен қамтамасыз етілген. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сай.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стратегиялық басымдық деп атады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады. Бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес, – деді Премьер-министр Олжас Абайұлы.
Осы жылдың маусым айында Анталья қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылса, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу туралы жоспарды жеткізді. Сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда–Ақтөбе», «Қызылорда–Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндады.
Инфрақұрылымның игі істері пысықталды
Аймақта қолға алынған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бүгінде іске қосылып та үлгерді. Үкімет басшысы Президенттің жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Осы орайда ол Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы төңірегінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, АӨК дамыту арқылы экономиканы диверсификациялау, сондай-ақ тұрғындарға сапалы білім беру қызметтерін ұсыну үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының өз деңгейінде атқарылуына шолу жасады.
Облыста аталған бағдарлама бойынша 575 бизнес жобаға іске кірісіп, жалпы саны 610-ды құрайтын жұмыс орны ашылды.
– Ауылды дамыту, нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым құру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта біз кәсіпкерлердің барлық бастамасын қолдаймыз. Егер Қазақстандағы әрбір ауылда осы жерде бизнес ашатындар тарапынан жауапты қолдауға ие болса, халықтың тұрмыс сапасы да анағұрлым серпінді түрде жақсарады, – дейді Үкімет басшысы.
Қаланы аралау барысында Премьер- министрге «Kaz Fries» зауытында АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы әлеуетті ашу шаралары таныстырылып, Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының қаншалықты қарқын алғандығы көрсетілді. Сондай-ақ 200 жұмыс орны қарастырылған «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік орындарын аралады.
Одан бөлек, Үкімет басшысы қаладағы жаңа білім беру нысандарына шолу жасады, ондағы балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бағытында қолға алынған шаралармен танысты. Аймақта жеке қаражат есебіне салынған Оқушылар сарайы жақында жұмысын бастады. Құны 2,4 млрд теңгені құраған бұл жоба арқылы 350-ден астам оқушы гидропоника, робототехника, өнеркәсіптік дизайн, телестудия сынды озық технологиялармен жабдықталған нысанның игілігін көрмек.
Облыс көлемінде 20 мыңнан астам студент 28 колледж бойынша білім алуда, оның 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша білімін жетілдіруде. Осы орайда Премьер-министрге Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде облысынта кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау бойынша ақпарат берілді. Сондай- ақ Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен жылу маусымындағы өрт қауіпсіздігі, халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жайында мәселелер пысықталды.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!