Қызылордада әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы мүгедектердің зейнетақысы мен жәрдемақысы жымқырып, құмар ойындарына жұмсағандар ұсталды.

Қызылорда облысының прокуратурасы психоневрологиялық аурумен ауыратын 18 жастан асқан мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тексеріс жүргізді. Тексеру барысында орталық қызметкерлері алдын-ала сөз байласу және мүгедектердің ақыл-есі кемдігін пайдалану арқылы олардың банктегі арнайы шотында жиналған зейнетақы мен жәрдемақы төлемін жымқыру дерегін анықтады.

«Аталған қызметкерлер орталыққа жасырын түрде ұялы телефон кіргізген. Оның көмегімен мүгедектердің биометриялық және жеке дерегін пайдалану арқылы банкте онлайн шот ашқан. Телефонға келген растаушы хабарлама негізінде арнайы шоттағы қаржыны аударып отырған. Одан кейін қаржыны өздерінің шотына салып, жеке мұқтаждықтарына пайдаланған. Оның ішінде құмар ойындарына жұмсау дерегі болған. Бүгінгі күнге 6 мүгедектің 3,8 млн теңге зейнетақысы мен жәрдемақысы жымқырылғаны анықталды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен облыс прокуратурасында қадағалауға алынған. Орталықтың әлеуметтік қызметкері (мүгедекті еңбекке, өмір сүруге баулушы) мен санитарға (мүгедекке қызмет көрсетуші) қатысты қылмыстық іс бойынша Қызылорда қаласының полиция басқармасы тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!