Жаз – жарқын мезгіл. Бұл балалардың демалып, уақыттарын қызықты әрі көңілді өткізетін кезең. Оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан оқушылардың лагерлердегі демалысы бүгінде төртінші маусымға қадам басты.

Аймағымыздағы 10 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеуде. Жалпы 7 ауысымда қала сыртындағы лагерлерде 8 960 оқушыны жазғы тынығумен қамту жоспарланған. Бүгінгі күні төрт ауысым бойынша 4 мыңнан астам бала тынығуда.

Биылғы жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!» тұжырымдамасының негізінде жүргізілуде. Тұжырымдамаға сәйкес барлық лагерьлер жанынан үйірмелер мен секциялардың жұмысы ұйымдастырылып, туристік бағыттағы экскурсиялар, тарихи танымдық саяхаттар қарастырылған. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала сыртындағы лагерьлер бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықталған. Барлық лагерлер санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытынды алып жұмыс жасауда.

Мысалы, Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында балалар демалыстарын көңілді өткізуде. Төрт корпустан тұратын лагерь ғимаратында жайлы жатын бөлмелер мен 5 уақыт тамақ мәзірі, көптеген үйірме қарастырылған. Мұнда жыл бойы мектеп партасынан шаршаған балалардың көңілді демалуына және сауығуына барлық жағдай жасалған. Лагерьде спорттық (тренажер мен фитнес) залдар және бассейн бар. Орталықтың тағы бір ерекшелігі – мектеп оқушылары педагогтердің қатысуымен Ұлттық бірыңғай тестілеуге, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындала алады.

Ал Жаңақорған ауданы, Талап ауылында орналасқан облыстық олимпиада және қосымша білім беру орталығы енді жыл бойы жұмыс істейтін болады. Облыс әкімінің қолдауымен мұнда балалар демалып қана қоймай, жылдың басқа уақыттарында ҰБТ мен пәндік олимпиадаларға дайындалады. Демыс орнында бес мезгіл тамақтанатын заманауи асхана мен екі спорт алаңы, бассейн және монша қарастырылған. Орталықта ұлттық тәрбие клубы да жұмыс істейді. Оқушылар үшін Қаратау тауларына, Бесарық өзеніне, Қостөбе және Сауран ежелгі қалаларына экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар мұнда Саураннан табылған ыдыс-аяқ пен тұрмыстық заттардан құралған ашық аспан астындағы мұражай балалар игілігі үшін жұмыс жасауда.

Балалар жылына орай лагерлерде әр ауысым үшін әртүрлі тақырыптық бағыттар мен атаулар қарастырылған. Тақырыптық бағыттар аясында қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде 55 800 баланы қамтитын 1860 шара ұйымдастырылады. Олар әр баланың қабілеттерін ашуға, жасөспірімдерде патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеуге бағытталған.

Маусым айында лагерьлердің жұмысы азаматтық-патриоттық, отбасылық, рухани-адамгершілік бағытта ұйымдастырылды. Балалар арасында отбасылық, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындары мен шеберлік сағаттары өткізілді. Сонымен қатар, азаматтық-патриоттық бағытта Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық акциялар ұйымдастырылды.

Шілде айындағы шаралар тарихи-мәдени, спорттық, көркемдік-эстетикалық бағытта ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, барлық лагерьлерде 6 шілде – Елорда күніне арналған «Асқақтай бер, Елордам» мерекелік концерттері, «Еңселі Елорда» сурет салу, ән айту байқаулары, сондай-ақ «Біздің жеңімпаз команда» шағын футболдан турнирі, спорттық эстафеталары, шахмат, дойбы, үстел теннисі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Тамыз айында лагерь жұмыстары тарихи-өлкетану, волонтерлік тәрбие бағытына арналмақ. Мысалы, балалар үшін тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, музейлерде презентациялар мен танымдық көрмелер өткізіледі.

Айта кетейік, облыс бойынша лагерлердің жұмысы тамыз айының соңында аяқталып, балалардың сауықтыру демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға жұмылдырылған педагогтер үшін «Балалар демалысын ұйымдастырудың үздік бағдарламасы», «Жазғы педагогикалық идеялар-2022», «Жыл тәлімгері» арнайы конкурстары өткізіледі. Сондай-ақ, жазғы маусым қорытындысымен лагерьлерде белсенді жұмыс жасаған педагогтер, тәрбиешілер марапатталатын болады.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!