Өткен аптада Қызылорда облыстық сотының ғимаратында Судьялар Одағының қызметін түсіндіру және журналистер арасындағы байқауды хабарландыру мақсатында брифинг өтті. Брифингті ҚР Судьялар Одағының облыстық филиалының төрағасы Бақытбек Елшібеков жүргізді.

Биылғы жылдың қазан айында елімізде Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының IX съезін өткізу жоспарлануда. Аталмыш съезд ең алғаш рет 1996 жылы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткізілген. Сол жиында Судьялар Одағының жарғысы қабылданып, мақсатміндеттері белгіленді. Одақ нақты істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға ықпал етпейді және саяси мақсаттарды көздемейді.
– Облыстың журналистеріне хабарландыру, Судьялар Одағының IX съезі қарсаңында Қызылорда облыстық соты және Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы «Сот репортері» байқауын өткізеді. Журналистердің авторлық жұмыстарында қоғамда заңдылықты, тәртіпті нығайтудағы сот қызметі, оның рөлі, сот процестерінің тәрбиелік мәні, моральдық-адамгершілік тақырыбындағы соттар мен судьялар жайлы очерктер, сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету, олардың мәртебесін нығайту мәселелері туралы, сот жүйесіне енгізілген қазіргі заман технологияларының халық үшін пайдасы, судьялардың ауыр да мәртебелі еңбегі, судья және сот қызметкері күніне қатысты тақырыптар қамтылуы керек, – деді Б.Елшібеков.
Байқау екі кезең бойынша өткізіледі. Газет, журнал, интернет газеттер мен порталдарға жарияланған мақала, очерк, сұхбаттар, бейнесюжеттер мен телебағдарламалар 2024 жылдың 1 наурызынан 15 маусымына дейін, екінші кезең 1 шілдесінен 15 қарашасына дейін қабылданады. Яғни конкурсқа ұсынылған мәліметтер көрсетілген мерзім аралығында жарияланған болуы қажет. Байқау жайлы басқа да мәліметтер Судьялар Одағының облыстағы филиалы мен облыстық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.


А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!