Ғылым мен техниканың дамуы адам өмірінің барлық саласына үлкен өзгеріс әкелуде. Цифрлық технология, жасанды интеллект және автоматтандыру жүйелері жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, кейбір мамандықтың біртіндеп жойылуына себеп болуда. Бұрын қоғам үшін аса маңызды болған кәсіптерге қазір сұраныс азайған. Заман талабына сай мамандықтың да өзгеруі заңды. Тақырыпты кеңінен талқылап көрелік.

46 КӘСІП ҚЫСҚАРЫП, 14 КӘСІП ЖОЙЫЛАДЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2035 жылға қарай елдегі кәсіптердің 44 пайызы, яғни 4 миллионға жуық адам жасанды интеллект ықпалымен өзгереді. Осы орайда 46 кәсіп қысқарып, 14 кәсіп мүлем жойлатыны нақты көрсетілген. Еңбек нарығындағы өзгерістер мен жасанды интеллектінің әсері алдағы жылдары айқын сезіле түседі деп болжануда. Соның әсерінен халықтың басым бөлігінің кәсібі трансформацияға ұшыруы бек мүмкін. Осы себепті жоғары білім беру жүйесін жаңа заманға бейімдеу қажеттігі жиі айтылып келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Соңғы бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл мемлекеттік білім гранттарының саны 77 мыңға жетсе, оның 18,8 мыңы инженерлік бағыттарға бөлінген. Сондай-ақ студенттердің шәкіртақысы соңғы жылдары екі есеге артыпты.

Заман талабына сай мамандар әзірлеу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі 700-ге жуық оқу бағдарламасын жаппақ. Саясат Нұрбектің сөзіне сүйенсек, көпшілігінің мазмұны ескірген, бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сай емес.

– Біз 73 мыңнан астам қазақстандық компаниялармен бүкіл заңды тұлғалар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Соның негізінде 700-ге жуық оқу бағдарламасы мүлдем ескіргені анықталды. Ол мамандықтардан лицензияларын алып, қабылдауға тыйым саламыз. Яғни біз ұлттық реестрден алып тастаймыз. Ол мамандықтарда оқып жатқан балаларға оқуларын тәмамдауға, бітіруге мүмкіндік береміз. Бірден тоқтату әділетсіз болады. 2-3 жылдың ішінде тоқтатылады, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Министрдің айтуынша, бұл өзгеріс білім беру жүйесін жаңартудың бір бөлігі ғана, енді жасанды интеллект, цифрлық инженерия, киберқауіпсіздік және деректерді қабылдау бағыттарына басымдық берілмек.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов жасанды интеллектіні жеке пән ретінде емес, барлық мамандықтың құрамына енгізу керек деп есептейді. Жаңа бастаманы қолдау барысында жоғары оқу орындары білім беру мазмұнын түбегейлі өзгерту керегін де баса айтты.

– Енді жасанды интеллектімен жұмыс істей алмайтын диплом бұл адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама ғана болмақ. Бұл мақсат жоғары оқу орындарының қазіргі үлгісін қайта қарауды талап етеді. Жаңа университет жасанды интеллектіні барлық дайындық бағыттарына кіріктіруі тиіс, – дейді А.Аймағамбетов.

Жаңа бағытта даму тек маман даярлаумен шектелмейді. Себебі бұл өзгерістің басты мақсаты жаңа жағдайға бейімделе алатын, кез келген сәтте білім алуға қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталған.

ОҚЫ, ОҚЫ ЖӘНЕ ОҚЫ…

2030 жылға дейін жұмыс күші қысқаратын салалардың қатарында бухгалтер мен журналистер де бар. Одан бөлек колл-орталық операторы, кассир, қойма қызметкері, баспахана жұмысшысы, ескірген техниканы жөндейтін механик, аграрлық сектор мамандары да толықтай жойылуы мүмкін мамандықтар қатарына кіреді. Бұл туралы ІМЭС университетінің экономика және басқару кафедрасының доценті Люза Байгузина мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, алғашқы үш мамандық колл орталық операторы, кассир және қойма қызметкері автоматтандыру мен жасанды интеллект сияқты технологиялардың дамуы нәтижесінде өзектілігін жоғалтады. «Бүгінде көптеген қызмет түрлері автоматты жүйелермен алмастырылып жатыр. Бұл үрдіс болашақта мұнан әрі күшейе түседі» деді Байгузина.

Жойылып бара жатқан мамандықтардың қатарында телефон коммутаторының операторы, лифт кезекшісі, бейнекассета жалға беру қызметкері, баспаханада әріп теруші және хат тасушы сияқты кәсіптер де бар. Бұл мамандықтардың қажеттілігі жаңа техникалық мүмкіндіктердің пайда болуына байланысты төмендеген. Мысалы, бұрын телефон байланысын операторлар қосса, қазір бұл қызмет толықтай автоматтандырылған. Сол сияқты қағаз хаттардың орнын электрондық пошта мен мессенджерлер басты. Сонымен қатар, кассир, банк операторы немесе жолақы тексеруші сияқты мамандықтардың да қызметі біртіндеп өзгеріп келеді. Өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары, онлайн банкинг және электрондық төлем жүйелері адамдардың көптеген операцияларды өздігінен орындауына мүмкіндік берді. Бұл еңбек нарығында кейбір кәсіптердің қысқаруына әсер етуде.

Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай өзгерістер әлем елдерінде бұрын да болған. Технология алға адым басқан сайын, адамдар да жағдайға бейімделіп келе жатқанын мына деректерден байқауға болады. Мәселен, бір кездері қоғамда газ шамын жағушы маман маңызды саналған. Бұл адамдар көшелердегі газ шамдарын күн сайын кешке жағып, таңертең өшіретін. Электр шамдары шыққаннан кейін бұл кәсіп түбегейлі жойылған. Телефон коммутаторының операторы да кезінде сұранысқа ие мамандықтар қатарында болған. Себебі бұрын телефон қоңырауларын адамдар қолмен қосатын. Қазір бұл жұмысты автоматты байланыс жүйелері атқарады. Ал ертеректе оятушы (Knockerup) мамандығы болды деген ақпарат қазіргі буынды таңқалдырмай қоймайды. Сағат бәрінде болмаған кезде, бұл адамдар ұзын таяқпен терезені қағып, жұмысшыларды таңертең оятатын болған. Газет, радио және интернет жоқ кезде халыққа маңызды хабарларды көшеде дауыстап жариялайтын қалалық жаршы қызметі де жұмыс жасаған. Тарихта мұз кесуші сынды мамандық та болғанына көпшілік сене қоймас. Тоңазытқыштар шыққанға дейін өзен-көлдерден мұз кесіп, оны үйлер мен дүкендерге жеткізетін бұл мамандар өткеннің көлеңкесінде қалған. Демек қоғамның сұранысына сай мамандықтардың жаңаруы заңды құбылыс.

Айта кету керек маңызды бір жайт, кейбір мамандықтар толық жойылмайды, бірақ жаңа бағытқа ауысады. Мысалы, банктегі қарапайым кассирлердің саны азаяды, алайда қаржылық кеңесшілерге сұраныс артады. Кәдімгі такси жүргізушілеріне болашақта автономды көліктер әсер етуі мүмкін, бірақ көлік паркін басқаратын мамандар қажет болады. Қарапайым деректерді енгізу мамандарының жұмысын жасанды интеллект атқара бастайды, десек те деректерді талдаушыларға сұраныс өсе береді. Кез келген өзгеріс жаңа мүмкіндіктермен бірге келеді. Жойылып бара жатқан мамандықтардың орнына бағдарламашы, деректер талдаушысы, киберқауіпсіздік маманы, жасанды интеллект инженері, робототехника маманы сияқты жаңа кәсіптерге сұраныс жылдан жылға арта түседі.

Ал ескі мамандық иелері жұмыссыз қалмауы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және тұлғаның өзі бірлесіп әрекет етуі аса маңызды. Қайта даярлау арқылы адамдар жаңа мамандықтарды немесе жаңа технологияларды меңгеріп, қоғамға қосыла алады. Мамандықтардың өзгеруі жұмыссыз қалуға себеп емес. Мысалы, қарапайым кассир цифрлық банк қызметтері бойынша кеңесші бола алады. Бұрын газет терушісі болған адам компьютерлік дизайнды үйреніп, графикалық дизайнер болып жұмыс істей алады. Ал өндіріс жұмысшысы роботтарды басқаруды меңгерсе, автоматтандырылған зауытта еңбек етуіне мүмкіндік бар. Осы орайда мемлекеттік қолдау аясында ұйымдастырылған тегін курстарды, оқу гранттарын және жұмысқа орналастыруға көмектесетін арнайы бағдарламаларды назардан тыс қалдырмаған жөн. Қазіргі заманда бір мамандықпен шектелмей, үнемі жаңа білім алып отыру тиімді бола түседі.

Мамандықтардың жойылуы – уақыт талабы мен технологиялық дамудың тарихи нәтижесі. Болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін өзгерістерге бейімделіп, заман талабына сай білім мен біліктілікті үздіксіз дамытуды ертеңге қалдырмаған жөн.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!