Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Энрика есімді әйел Алматы көшесінде есінен танып құлаған ер адамға көмек көрсеткен. Оны мүлде танымаса да, ауруханаға бірге барған. Өкінішке қарай, ер адам ауруханада көз жұмған екен. Энрика ер адамның туыстарын тауып қана қоймай, оның құлап жатқан жеріне барып, ер адамның өлер алдында жақын маңдағы дүкеннен энергетикалық сусын алып ішкенін анықтаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Біз таңертең Шымкент қаласынан Алматыға келдік. Өзімнің үйіме келіп, балам мен сөмкемді көліктен түсірдім. Сол жерде өзінің иесіне көмек сұрап жүргендей мазасызданған итті байқадым. Оның иесіне «итіңізді алыңызшы» деп едім, «мен ауырып тұрмын, су бересіз бе?» деп айтты. Жүрегі ауырып тұрғанын айтып, жедел жәрдем шақыруымды сұрады. Мен үйге баламды кіргізіп, жылы су алып шығып, жедел жәрдем шақырдым. Бір емес, екі жедел жәрдем келді», – дейді ол.

Куәгер науқаспен бірге ауруханаға барған.

«Дәрігерлер қолынан келгеннін істеді. Оған өзім куә болдым. Уақытында келген жедел жәрдем көлігі, қызметкерлер система да қойды. Амал жоқ… Негізі мен науқаспен бірге рентгенге де бардым. Дәрігерлер қойған диагнозды да білдім. Бірақ маған үйімнен хабарласып, ит қашып кеткенін айтты. Сондықтан мен үйге кеттім. Ит жоғалып кете ме деп қорықтым. Ал жігіт дәрігерлердің бақылауында болғанына сендім. Ауруханаға байланыс нөмірлерімді қалдырған едім, бірақ ешкім хабарласпады. Үйге келген соң қарбалас  басталып кетті. Ал кешке маған қоңырау шалып, жігіттің қайтыс болғанын айтты. Оның не құжаты, не телефоны болмаған. Мен оның туыстарын іздестіріп, таптым. Оның денесін мәйітханаға тапсырдым. Қолымнан келген көмегімді аяған жоқпын», – дейді ол.

Ер адамға көмектескен куәгер бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Видеодан байқағанымыздай, науқас ауруханаға апара жатқанда сөйлеп жатқан, тек демалуы жиілеп, тыныс алуы күрденеле түскенін көруге болады.

Сондай-ақ ол оқиғаның куәгерлерін тауып әңгімелескен. Ер адамды танитындар ол үнемі энергетикалық сусын ішіп жүргенін айтқан.

«Қайтыс болған жігіттің соңғы алып ішкені – Gorilla энергетикалық сусыны болған. Куәгерлердің айтуынша, ол үнемі осы энергетикалық сусынды сатып алып ішкен. Қазір көп адам осы энергетикті көп мөлшерде ішкен соң ауруханаға түсіп жатқан көрінеді. Іше берсін, бірақ Ануардың өлімінен кейін ол организмде жиналып, әсерін жүрекке беретініне көзім жетті. Оған энергетикалық сусынды сатқан адамммен де сөйлестім.  Ануар ажалына жарты сағат қалғанда да осы энергетикті алған екен. Сатушының өзі де  энергетикалық сусынды көп ішкен соң, жарты жыл бұрын жансақтау бөлімінде жатып шығыпты. Осы сусынды тұтынбай жүргеніне 3 ай болған. Ол тілің жұтылып, аяғың қозғалмай, алдымен терлеп сосын дірілдейсің дейді. Жүрек талмасының белгілері бар», – дейді ол.

Энергетикалық сусындар — бұл кофеині жоғары қуат беретін сусын. Көптеген адам мұндай сусынды ішкенде бойына ерекше қуат бітіп, шабыт алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Эстония филиалының сарапшылары frontiers in Public Health журналында энергетикалық сусындарды тұтыну балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына зиянды деген зерттеу нәтижелерін жариялады.

Олар Еуропада ересектердің үштен бірі, әрбір бесінші бала және жасөспірімнің үштен екісінен астамы энергетикалық сусын ішетінін айтқан. Ересектер олардан тұтынылатын кофеиннің тек 8% -ын алса, балаларда бұл көрсеткіш 43% құрайды. 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың 70% – ы энергетикалық сусындарды ішіп, оларды алкогольмен араластырады.

Көмірсулардан басқа, энергитик сусынның әр құтысында кофеин бар, сондықтан сусын ішкеннен кейін жүрек соғу жиілігі жоғарылайды және қан қысымы көтеріледі. Шамадан тыс пайдалану жүрек соғысының мен жүрек жұмысының бұзылуына қауіп төндіреді.

Сонымен қатар, энергетикалық сусындардағы кофеин диурезді күшейтетіні дәлелденді (зәрдің көлемін арттырады). Сондықтан ыстық бөлмеде ұзақ жаттығулар кезінде энергетиктерді тұтынудан аулақ болу керек. Кофеин сонымен қатар зәрдегі натрийдің жоғалуына ықпал етеді (натрий урезі), бұл физикалық белсенділік кезінде жүрек-қан тамырлары белсенділігінің айтарлықтай өзгеруіне әкеледі.

Энергетик сусындардың зияны жайлы Қазақстанн мұсылмандарының діни басқармасы да жазған.

«Энергетиктер алкогольді және алкогольді емес деп бөлінеді. Алкогольді энергетиктердің харамдығы анық, әрі медициналық тұрғыда құрамына байланысты өте қауіпті деп танылған. Біздер алкоголді емес болған энергетитер жайлы сөз қозғаймыз. Ең әуелі энергетиктердің химиялық құрамына үңілсек 1 шөлмек энергетикалық сусында шамамен: 5 ас қасық кофеин, 12 ас қасық қант, гуаранин, таурин, инозитол, натрий цитраты, бояғыштар, левокарнитин, В және С дәрумендері, глюкуронолактон бар және осының барлығы көмір қышқыл газына бай сумен араластырылады», – деп хабарлаған еді мүфтият.

ҚМДБ энергетиктерді көп мөлшерде ішу ағзаны улайды деген пайымын жазған. 

«Бір ескеретіні, көмірқышқыл газы химикаттардың ағзаға тез әсер етуіне ықпал жасайды. Яғни газ, асқазанның қалыпты қорыту циклын бұзады да, химикаттардың зияндық әсері еселенеді. Қоспалардың кейбірі жеке өзі ағзаға жағымды болуы мүмкін, бірақ бәрі қосылып газға байытылып, «Уға» айналады. Қорыта айтқанда, адам баласы не ішіп, не жеп жүргеніне мән берместен эгосының жетегінде өмір сүрер болса, ол адам – денсаулығынан айрылып бұл дүниеде бақытсыздыққа ұшыраса, ал ахиретте денсаулық деген аманатқа қиянат жасағаны үшін сұралады», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусын сатылмайтын болды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!