Колледж студенттеріне өздерінің стартап жобаларын жүзеге асыруы үшін қосымша мүмкіндік беріледі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «WorldSkills» республикалық чемпионаты барысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше мен 7, 8, 9, 10 сынып оқушыларымен кездестім. Олар шын мәнінде өте дарынды балалар. Тіпті олардың дайындық деңгейі мені таң қалдырды. Кеше біз «Топ-100 колледж студенттері» жобасының үздік студенттерін марапаттадық. Колледжде оқып жүрген көптеген балалар оқу аяқталғаннан кейін нарыққа шығуға және жұмыс іздеумен шектелмейді. Біз оларға бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті құзырет береміз. Осылайша олар өздерінің стартап жобаларын дамытуына мүмкіндік алады», – деді министр.

Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов колледждерде бизнес-инкубаторлар ашылып жатқанын атап өтті.

«Біз бұл жобаның сәтті іске асып жатқанын көріп отырмыз. Біз колледждерде бизнес-инкубаторлар ашамыз. Мәселен, слесарлар, сантехниктер сияқты мамандар қазір сұранысқа ие. Енді олар өздерінің жеке кәсіпкерлерін ашып, бизнестерін дамыта алады. Сыртқа шығып, жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Осыған байланысты кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және осындай ұйымдарды ашу біз үшін маңызды бағыт», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бұл күндері елордада колледж студенттері арасында «WorldSkills» республикалық чемпионаты өтіп жатыр.