BAQ.KZ. 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында ширек финалға шыққан командалардың қатары толықты. Испания Португалияны, ал Бельгия турнир қожайыны АҚШ құрамасын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания құрамасы Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Кездесу тартысты өтті. Бірінші таймда екі команда да өз мүмкіндіктерін іздегенімен, есеп ашылмады. Екінші таймда ойын тізгінін өз қолына алған испандықтар шабуылдарын үдете түсті.

Матч тағдырын 90+1 минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Микель Мерино шешті. Ол айып алаңында дәл пасты сәтті пайдаланып, допты қақпаның жақын бұрышына тоғытты. Осылайша Испания минималды есеппен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының ширек финалына өтті.

Ал ширек финалда Испанияның қарсыласы Бельгия құрамасы болады. Бельгиялықтар 1/8 финалда турнир қожайыны АҚШ-ты 4:1 есебімен жеңді.

Бельгия сапынан Шарль де Кетелар дубль авторы атанса, Ханс Ванакен мен Ромелу Лукаку бір-бір голдан соқты. АҚШ құрамасының жалғыз голын Малик Тиллман енгізді.

Бұл кездесу қарсаңында АҚШ шабуылшысы Фоларин Балогунның қызыл қағазына қарамастан ойынға қатысуына рұқсат берілуі үлкен дау тудырды. ФИФА Тәртіптік комитетінің бұл шешімі бельгиялық БАҚ тарапынан сынға ұшырады. Кейін АҚШ футбол федерациясы Балогунның тәртіп бұзушылығына байланысты 40 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге келіскені белгілі болды.

Айта кетейік, Испания құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында 2010 жылғы чемпиондық жорығынан кейін алғаш рет өнер көрсетпек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!