Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Басқосуда ел мүддесі жолындағы бірқатар мәселелер сараланып, алдағы уақытта бірлесіп атқарылуға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» мекемесінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Анар Ізден, «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайриддин Баймаханов, «Арал теңізі» қоғамдық қорының төрайымы Айнакүл Баймаханова және жауапты басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдар түрлі жобалар атқарып, ел өміріндегі маңызды мәселелерде, әсіресе пандемияны еңсеруге белсенді үлес қосып, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

«Өңірдегі азаматтық қауымдастық көшбасшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жанына топтасып, қазақстандықтардың өмір сүруі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру мемлекетпен қатар азаматтық күштер де білек сыбана кірісетін елдік шаруа деп білемін.
Осы орайда, Сыр өңірінің азаматтық қоғам өкілдері еліміздің жаңа тарихында орын алған «қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде облыс халқын келісім мен бірлікке шақырып, ахуалды тұрақтандыру барысында азаматтық белсенділіктерін танытты.
Қоғам белсенділері сын сағатта елдің қауіпсіздігін күзеткен әскерилерге моральдық қолдау білдіріп, волонтерлар мен меценаттар дүрбелең салдарынан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда. Бізде өздеріңізбен аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде бірлескен сәтті жұмысымызды, азаматтық бастамаларды қолдауды одан әрі жалғастыратын боламыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.