– «Jibek joly» телеарнасынан «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасы көрсетілетін болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне белгілі қазақстандық продюсер, актер және тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев айтып берді.

  • Нұрлан Нұғманұлы, бес жыл үзілістен соң «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасы неліктен Алматы қаласында түсірілетін болды?
  • Бүгін бес жыл үзілістен соң «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасы жаңа түсірілімін бастады. Жалпы, бағдарлама елімізде алғаш рет 9 жыл бұрын ашылған болатын. Араға бес жыл салып, бүгін Алматы қаласында қайта түсірілімін бастап отырмыз. Негізі біз бағдарламаны бұрынғыдай Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығында түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, онда ешбір студия бос емес екен. Сосын таңдауымыз Алматыдағы Қазақ телерадио орталығының аппараттық-студиялық кешеніне түсті. Негізі бұл жер маған өте ыстық. Себебі алғашқы жұмысымды осы жерде бастағанмын. Осында бос студия болды, біз бағдарламаны сонда түсіреміз деп шештік.

  • Бағдарламаны енді кімдер жүргізеді және бүгінгі бағдарламаның бұрынғыдан қандай ерекшелігі бар?
  • Бағдарламаның бұрынғыдан өзгешелігі оны енді үш адам жүргізеді. Олар – мен, белгілі тележүргізуші, актер Дәулет Бижанов және актриса қарындасымыз Салтанат Серкебаева. Сондай-ақ бағдарлама форматын заман талабына сай сәл өзгерттік. Яғни, қазір интернетте «подкаст» форматы жақсы дамуда. Сол себепті, біз студияда үш жүргізуші, бір қонақ болады деп шештік. Сондай-ақ, жүргізушілердің санын көбейтудегі мақсатымыз – бағдарлама нағыз шоу, қызықты әрі пікірталас көбірек болсын дегеніміз.

  • Бағдарламаға жүргізушісі ретінде қайта қалай келгеніңізді айтсаңыз?
  • Маған «Jibek joly» телеарнасынан ұсыныс түсті. Біраз ойландым. Себебі, бұл жауапкершілігі мол жоба. Оңай емес. Өзім журналист болмаған соң, кейде маған келген қонақтан сұхбат алу қиынға соғып жатады. Шығармашылықта жүрген ағаларыммен, әріптестеріммен ақылдаса келе, ұсынысты қабылдадым. Бүгінгі алғашқы түсірілімде қобалжыдым. Себебі, бұл бұрынғыдай емес, жаңа студия, іші де басқаша.

  • Бағдарлама қашан көрсетіледі?
  • «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасы «Jibek joly» телеарнасынан аптасына 4 рет, түнгі сағат 22.00-23.00 арасында көрсетіледі. Бағдарламаны Алматының жергілікті «Prime band» музыкалық тобы әуенмен сүйемелдейтін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!