Бойынан өнер, қабілет байқалған өскіннің білім көкжиегін кеңейтетін «Тұлпар мініп ту алған!» байқауының Қазалы аудандық кезеңінде Әйтеке би кентіндегі №170 мектептің оқушылары, апалы-сіңілі Гауһар Әзен мен Гүлназ Жеңісбек жеңімпаз атанды.

Қазіргі таңда Гауһар оныншы сыныпта, Гүлназ алтыншы сыныпта оқиды. Осы уақытқа дейін екеуі де түрлі пәндік олимпиадалар, өнер-білім жарыстарынан жүлдесіз қайтқан емес.

Гауһар Әзен қазақ әдебиеті мен интелектуалды сайыстардан құралақан емес. Жыр алыптарын насихаттауға бағытталған “Қадыр Мырза Әлі”, “Мұқағали Мақатаев” оқуларының бірнеше мәрте жүлдесін жеңіп алғаны өз алдына бір төбе. Қызылорда қаласына 200 жыл толуына орай өткізілген шығармалар байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, облыстан үшінші орынды қанжығалады. Ол аз десеңіз, Түркістан қаласында ұйымдастырылған “Яссауитану” халықаралық байқауында қаржылай сертификаттың иегері болды. Гүлназ да айтулы додаларда топ жарып келеді.

Дарынды қыздарға дара жол сілтеп, тәрбиесін келістіріп отырған анасы Күләш Аймағамбетова. Әкесі Жеңісбек Аралбаев жеке тірлігі бар, ауданға танымал кәсіпкер. Балаларының барлық жолсапарлары мен білім алуға деген талпынысына әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

Оларды жарыс жолында баптап, аянбай тер төккен мұғалімдері Жадыра Көшекбаева мен Балагүл Орынбаева ауданға, облысқа белгілі талай білгірді баптаған білікті ұстаздар.

Ағайындылар «Тұлпар мініп ту алған!» байқауына 2019 жылы қатысып, екеуі де аудандық кезеңде жеңімпаз атанған. Ал, Гауһар облыстық кезеңде жүлделі үшінші орынды иеленген. Биыл да байқаудың аудандық кезеңінде өнерімен дараланып, Гауһар Әзен бірінші орынды, Гүлназ Жеңісбек екінші орынды иеленді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!