Аймағымызда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әсіресе білім ошақтары заман талабына сай жастардың білім алып, өзін дамытуына мүмкіндік жасап отыр. Өткен жылы елімізде еріктілер жылы болды. Білім алушылар мен оқытушылар еріктілер қатарына қосылды. Студенттердің еріктілер қатарына қосылуы, олардың белсенділігін арттырды. Түрлі акцияларға, қайырымдылық шараларға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Бүгінде елімізде оқимын, білікті маман боламын, қызмет істеймін деген жасқа жол ашық. Мемлекет тарапынан қолдау бар. «Абылай хан» атындағы жоғары колледжі студенттердің әлеуметтік жағдайын да басты назарда ұстайды. Оқу ақысы, жол ақысынан қиындыққа тап болса ерікті жастар арқылы бір-біріне демеу болады. Белсенді жастардың қатары күн сайын ерікті жастармен толығуда. «Жақсыдан шапағат» демекші, замандастарына, достарына қарайласып, мейірімділік танытып жүр. Студенттеріміздің бойынан осындай адамгершілік қасиетті көру бізге де қуаныш. Ерікті іспен айналысу жастардың еңбек нарығына тез бейімделіп, өз-өзін жетілдіруіне септігін тигізеді. Сондықтан білім ордасында белсенді жастарды, еріктілерді қолдау жалғаса бермек. Бұл бағытта жаңа жобалар мен түрлі іс-шаралар жоспары бар.

Белсенді студент Жәрімбет Нұрданамен бірге.

«Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ, Талаптың аты арындап, Әр қиянға салған шақ» деген Абай Құнанбаев.
Қазақстанның болашағы жастардың патриоттық рухына, алған біліміне, тіпті белсенді өміріне тікелей байланысты. Біз жас достарымыздың жастық жақтарын мағыналы өткізіп, сапалы білім алып, белсенді өмір сүріп, мықты маман болып шығуына қолдау білдіреміз.

Берікбол ӘБДІБЕКОВ, «Абылай хан» атындағы жоғары колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!