«Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы мұқтаж оқушыға кемінде 37 389 теңге көлемінде көмек беріледі. Әкімдіктер оның көлемін ұлғайта алады, бірақ азайтуға құқығы жоқ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін БАҚ-та Жамбыл облысындағы кейбір көп балалы ата-аналардың айтуынша, мектеп формасы мен канцтауарлар сатып алуға жергілікті атқарушы органдар 32 500 теңге және тек қана бір балаға бөлетіні туралы ақпарат жарияланды.

Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал отбасылар «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы үйдегі әр оқушыға көмек ала алатынын хабарлайды. Сонымен бірге, көмек көлемі әр мұқтаж оқушы үшін кемінде 37 389 теңге болуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек көлемін ұлғайта алады, бірақ оны азайтуға құқығы жоқ.

Мектептерді қаржыландыру, сонымен қатар оқушыларға қолдау білдіруді әкімдіктер жүзеге асырады. Биыл барлық мұқтаж балаларға, яғни 440 мыңнан астам баланың әрқайсысына кемінде 37 389 теңге көлемінде көмек көрсетіледі», – деп жазылған Комитет хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!