Ақмола облысындағы арнайы дайындық орталығында 10 жасар бала жаттығу кезінде көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Талапкер ауылындағы қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекетсіздік танытқанына наразы. 

Ақмола облыстық полиция департаментінің өкілдері бұл жағдайды растаған. 

«Кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады», – деп жауап берді полиция өкілдері Sputnik Қазақстан басылымына. 

Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкийдің сөзінше, жаттығу кезінде бала есінен танып қалған. Оқиға орнына дәрігерлер келгенде бала көз жұмған. 

«Жедел жәрдем келгенше бала көз жұмған. Анықталғандай жүрегі тоқтап қалған. Қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Нақтылау үшін сараптама қорытындысы керек», – деді Высоцкий. 

Ал Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ақылбеков дәрігерлердің еш шара қабылдамағанына наразы екенін жеткізген. Сөзінше, жедел жәрдем бригадасы екі минутқа кешіккен. 

«Қоғамдық резонансты ескере отырып, мен бейнекамералардан жазбаларды көрдім. Медициналық топ келіп, тіпті реанимациялық шараларға кіріспегеніне қатты қапаландым. Біріншіден, ешкім өлімді нақтыламаған. Медицина қызметкерінің айтылмаған ережесіне сәйкес қайтыс болғаннан кейін он немесе жиырма минут өтсе де реанимация шараларын бастау керек», – деп атап өтті Ақылбеков. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!