«Qazaq Epos» ұлттық ағарту жобасы ұйымдастырған республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының аудандық кезеңдері тартысты өтуде. Ұрпақ тәрбиесіне зер салып, жас буын үшін жұмыс істеп жүрген ұлттық жобаның Жалағаш аудандық кезеңінде Т.Жүргенов ауылы №117 мектептің 9-сынып оқушысы Ақнұр Қоңтай жеңімпаз атанып, жүлделі бірінші орынды иеленді.


Бастауыш сыныптан-ақ көшбасшылығымен көзге түскен Ақнұр бүгінде мектептің «Жас ұлан» ұйымының ұланбасы. Сондай-ақ, өткен жыл және биыл «Менің кіші Отанымның тарихы» ғылыми зерттеу жұмыстары байқауына қатысып, екі мәрте 1-орын иегері атанған. Мұнан бөлек, логикалық олимпиададан аймақтық сайыстан 3-орын иегері.


Ақнұр жыр, өлеңдерді бірнеше рет оқыса болды, жадында мықтап сақтап қалады екен. Шынымен де, сиқырлы жәшік секілді «жазып» алады да, арада айлар, жылдар өтсе де, сол қаз-қалпында, үтір-нүктесіне дейін түгел айтып береді. Есте сақтау қабілеті ерекше.Байқауға қыркүйек айының орта кезінен бастап дайындалдыа. Екі күнде үш беттен жаттап отырдым. Жыр жаттауға тек сабақтан соң, күнде екі сағат отырдым. Соңғы екі-үш күнде қайта-қайта оқып дайындалып, бар-жоғы бір айда жаттап алдым. Менің тәтелерім де республикалық Абай оқуларының жүлдегері, – дейді талантты жас.


Байқауға дайындаған ұстазы Гүлзат Дабылова Ақнұрдың үлгілі оқушы екенін айтады.

Сабағы өте жақсы, тәртібі мен тәрбиесі де үлгілі. Ақнұрда сабырлық пен ұқыптылық қасиет басым. Әрбір сөздің мазмұнын түсінеді. Жаттауда әрбір сөзді қалдырмай жаттауды мақсат етті, – дейді ұстазы.
Елдің ертеңі, келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жыр жаттау арқылы қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бай мұраларды насихаттайды. «Едіге батыр» жырын жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен қабылдап жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!