Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті.

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.

Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады. Сонымен қатар, мұғалімдер «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалдерімен марапатталды.

Мемлекет басшысы жастарға ерекше ықылас танытып, елдің жарқын болашағына балайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Құрмет пен қошемет тек білім саласындағы жеңімпаздарға ғана емес, спортта елдің беделін биіктеткен жас спортшыларға да көрсетілді. Президент Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жекелеген сында алтын медальға ие болуымен құттықтады.

Қазақстандық дзюдошылар әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 11 медаль жеңіп алып, отандық дзюдо тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтады.

Президент ықыласы жас дарындарға қанат бітіреді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!