ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов БҚО қарасты Достық ауылдық мектебінің мүшкіл жағдайын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір мәселеге назар аударғым келіп отыр. Әлеуметтік желіден көрдім. Видеода БҚО Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы мектептің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі көрініс тапқан. Мектептің оқу жылына дайындығының жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетіп отыр. Мектепке күрделі емес ағымдық жөндеудің өзі дер кезінде жүргізілмегені көрініп тұр. Сонда жаз бойы немен айналыстыңыздар? Бұл қазіргі уақытта жарияланған видео ма әлде ескі ме?» – деген сауал жолдады Асхат Аймағамбетов министрлікте өткен аппараттық жиналыс барысында.

Сондай-ақ, ведомство басшысы желіде тараған видеоны жиынға қатысушыларға көрсетті. Аталған жайтқа байланысты БҚО бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Ибрагимқызы түсінік берді. «Бұл видеоны осы жазда аталған мектепке облыстық білім басқармасының өкілдері барғанда ата-аналар түсірген.

Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 25 кабинет ақталды. Мектеп 1982 жылы салынған, 610 орынға шақ. 2017 жылы Достық ауылы мектебіне қатысты апат алдындағы жағдайда деген шешім шығарылды. Осы орайда оның орнына 900 орындық жаңа мектеп салу жобасы жасақталды. 2023 жылы жаңа мектеп салынады. Бұл жерде шешілмей тұрған мәселе мектептің спортзалы себебі төбеден су ағып тұр. Бұл жерде ағымдық жөндеу көмектеспейді», – дейді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары министрді аталған мектеп жаңа оқу жылына дейін дайын болатынын айтып сендірді.