Аида ҚАЛЖАНҚЫЗЫ,

«Болашақ» жоғары медициналық колледжі директорының орынбасары:

‒ Аида Қалжанқызы, қалыңыз қалай? Әңгімемізді оқу орнындағы жаңалықтармен, биылғы жетістіктермен бастайықшы… Онлайн оқудан кейінгі уақытта колледжде қандай өзгерістер бар?

‒ Қайырлы күн! Бәрі жақсы, рақмет! Биылғы 2021-2022 оқу жылының басты жаңалығы сабақтың дәстүрлі түрде басталуы болды. Бұл жақсы жаңалық бізді ғана емес, барлық студенттер мен оқытушыларды, ата-аналарды да қуантты деп ойлаймын. Не десек те онлайн оқудың оффлайн оқудан артықшылығы айтпасақ та түсінікті ғой… Біздің колледж де биылғы оқу жылында студенттермен сағына қауышты. «Болашақ» жоғары медициналық колледжі  еліміздегі жас  медициналық кәсіптік техникалық арнайы орта оқу орындарының бірі екенін білесіздер. Қазіргі таңда мемлекеттің басты стратегиялық бағыттары мен білім стандарттары негізінде білім беру жүйесін іргелі жаңғырту мақсатында жұмыс істеп келеміз.

‒ Пандемия дәрігерлерге деген халық сенімі мен құрметін еселей түсті. Дәл қазір сіздер осы салаға жауапты мамандарды даярлап жатырсыздар. Медицинаның қай бағытына ерекше көңіл бөлесіздер, яғни қандай мамандыққа сұраныс жоғары?

‒ Иә, дұрыс айтасыз, қазір дәрігерлер қызметі қоғам үшін өте маңызды. Содан болар  колледжде «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі» мамандықтарына сұраныс жоғары. Жалпы «Болашақ» жоғары медициналық колледжі  «Емдеу ісі» (біліктілігі ‒ фельдшер),  «Акушерлік іс» (біліктілігі – акушер), «Мейіргер ісі»  (біліктілігі ‒ жалпы практикадағы мейіргер),  «Стоматология» (біліктілігі – дантист), «Фармация» (біліктілігі – фармацевт),  «Лабораториялық диагностика» (біліктілігі – медициналық зертханашы), «Гигиена және эпидемиология» (біліктілігі – гигиенист-эпидемиолог),  «Мейіргер ісі» (біліктілігі ‒ мейіргер ісінің қолданбалы  бакалавры) сынды сегіз мамандық пен  біліктілік бойынша білім береді.

‒ Медициналық колледждің тәжірибелік алаңы жаңа заманға сай ерекше деген пікірді жиі естиміз. Осы жөнінде толығырақ өзіңіз айтып беріңізші… Демек студенттер жаңа технологиямен, медициналық жабдықтармен колледжде жүріп таныса алады ғой. Солай ма?

‒ «Болашақ» жоғары медициналық колледжі ‒ сол жағалауда жаңа қала тынысындағы заманауи, стильді кампуста қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жабдықталған, әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнатқан бірден бір оқу орны. Оқу орында симуляциялық оқу орны бар. Онда оқытушылар мен білім алушыларға сабақ барысында қолданылатын барлық жабдықтар (муляждар, медициналық аппараттар, медициналық құрал) қамтамасыз етілген. Сондай-ақ стоматология, фармация, химия кабинеттері де қазіргі талаптарға сай жабдықталған. Жалпы оқу корпусы материалдық-техникалық жағынан жақсы жабдықталған: оқу аудиториялары, арнайы мамандықтар бойынша клиникаға дейінгі өндірістік оқу кабинеті, зертханалар, қаладағы емдеу мекемелерінде оқу бөлмелері, төрт компьютерлік  класс және  симуляциялық орталық жұмыс жасайды.

‒ Оқу орнындағы әрбір студентті «болашақта қайда жұмыс істеймін?» деген сауалдың алаңдататыны рас. Сіздер де бұл жағдаймен жыл сайын кезігетін боларсыздар. Жалпы студенттердің жұмысқа орналасу деңгейі көңіл көншіте ме?

‒ Колледж әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Атап айтар болсақ, қаламыздағы қалалық емханалар, «АLEXEY SUITAN  AHMET», көп бейінді қалалық аурухана, облыстық перинаталдық орталық, балалар ауруханасы, «Айя дент», «Әсем тіс» стамотологиялық клиникасы, «Достар мед» клиникасы, көп бейінді облыстық аурухана ШЖҚ КМК, жедел жәрдем станциясы, психоневрология ауруханасы, қан орталығы, «Қызылорда темір жол ауруханасы», ЖШС  «Фарматека», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, онкология орталығы, ЖШС «Сана сезім» орталығында біздің түлектер іс-тәжірибеден өтеді және көпшілігі осы аталған мекемелерде жұмыс жасайды. Оқу орны осы уақыт ішінде денсаулық сақтау ісі үшін 1500-ден астам маман дайындады. Тек қала және облыстың медициналық ұйымдарында ғана емес, сондай-ақ республиканың басқа аймақтарында табысты жұмыс істейтін түлектерімізді мақтан тұтамыз.

‒ Студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін қандай жобалар қолға алынған?

‒ Мәдени және спорт жұмысын ұйымдастыру үшін акт залы, спорт залы бар. Колледждің құрама командалары бірнеше рет жеңімпаз атанды. Колледжде «Ой-дария» дебат клубы, «Ақсауыт»  әскери-патриоттық клубы, «БМК құрамасы» жайдарман клубы құрылған. Сонымен қатар 200 орындық асхана, спорт кешені мен 400 орындық  заманауи студенттер үйімен  қамтамасыз етілген. Жатақханада да кітапхана, фитнес зал жұмыс жасайды және түрлі іс-шаралар өтіп тұрады.

‒ Колледж студенттері үшін бірден-бір білім көзі кітап екені рас. Кітапхана қорында медициналық басылымдар қолжетімді ме?

‒ Жылда  кітапхана оқу және ғылыми әдебиеттермен, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиетпен қамтамасыз етіледі. Кітапханаға баспалардан келген прайс-қағаздар оқу бөлімдеріне жіберіліп, оқу үдерісіне қажеттілігін анықтап, сатып алу жоспарына енгізу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Биыл кітапханаға 1193 дана кітап келіп түсті, оның ішінде 50 пайызы  медицинаға байланысты оқу құралдар. «Ақнұр», «Қазақ университеті», «Лань» электрондық баспаларынан оқытушылар мен студенттердің оқу үдерісіне қажетті  кітаптар алынып отырады. Сондай-ақ «РМЭБ» электронды кітапханасымен де байланыс орнатылған. Жақында жоғары медициналық колледжі  жаратылыстану бағыты бойынша да қазақ тіліндегі 306 дана оқулықпен толықты.

‒ Қай кезеңде де бәсеке маңызды. Қазір барлық оқу орны жаңа заман талабына сай болуға талпынады. Осы жерде талапкер «неге Болашақ медициналық колледжін таңдау керек?» деген заңды сауал туындайды. Бұл жайында сіз не айтар едіңіз?

‒  Әрине, бәсеке болған жерде өсу болады. Талапкер «неге Болашақ медициналық колледжін таңдау керек?» деген заңды сауалдың жауабын жоғарыда атап өттік. Себебі заманауи оқу ғимараты, материалдық техникалық базасы мықты, симуляциялық оқу орталығы, талапқа сай кадр әлеуеті, спорт кешені (спорт зал, бассейн т.б.), жаңа жатақхана (кітапхана, компьютерлік класс, фитнес зал), бай кітапхана қоры бар біздің колледже студенттер алаңсыз білім алып, жастық кезеңді қызықты әрі пайдалы өткізеді.

‒ Өзіңіз білім саласында жүрген соң қоғамның барлық қалтарысынан хабардарсыз. Дәл қазіргі таңда сізді қоғамның қандай мәселесі алаңдатады?

‒   Қазіргі кезде қоғамда болып жатқан мәселелердің қай салаға болсын өзіндік тигізер әсері бар. Ең бірінші айтқым келетіні, адамдар өзін өзі дамыту үшін білімге инвестицияны аямау керек. Адами капиталды инвестициялауда негізгі бағытты білім мен медицина деп алу керек.

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай атамыздың керемет сөзі бар ғой. Сондықтан әр адам ең бірінші өзімен жұмыс істегені дұрыс. Сонда ғана қоғамдағы мәселелердің оң шешімі табылады деп ойлаймын.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!