Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов бір реттік электронды темекінің жастар арасында кеңінен таралуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміз пандемиямен арпалысып жүргенде, жасөспірімдер арасында бір реттік вейп «эпидемиясы» белең алып барады. Бүгінде оң-солын танымаған жас ұрпақтың санасын көк түтінмен улаған бір реттік электронды шылымның дәурені жүріп тұр. Жастар арасында вейп таңсық дүние емес, бірақ соңғы уақытта бір реттік түрі пайда болғалы жағдай күрт өзгерді. Сөрелерден шылым кетіп, орнын арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары, бір реттік вейп алмастырды. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан никотинді шектеуге бағытталған ауқымды жұмысты жоққа шығарып отыр», – деп тоқталды М. Ахметов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда депутат аталған темекіні білім ошақтарының маныңда ашық сөрелерде сатуға рұқсат етілмейтінін, яғни олар кез келген сауда нүктелерінде жабық перделердің артында, сөрелердің астында болуы керек екенін еске салды. Кез келген дүкен сөресінде толып тұрған түрлі-түсті мұқабалы, сан түрлі дәмі бар бір реттік вейптен көз сүрінеді және олар кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда.

«Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама бар. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті, кейбір мектептерде жоғары сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр. Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеулерінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр. Аталған зерттеу соңғы екі жыл жүргізілмегендіктен, қазіргі жағдай мүлде белгісіз», – деді М. Ахметов.

Оның айтуынша, әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған элетронды және бір реттік темекілер бізге Қытайдан ешқандай сертификатсыз, шектеусіз мөлшерде ағылып келіп жатыр. Бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін анықталмаған, нақты зерттеу жоқ, никотин дозасын да ешкім бақыламайды. Осы орайда нақты ұсыныстар жасалды.

«Біріншіден, отандық нарыққа тұрақты түрде кеден арқылы заңға қарсы, бірде-бір техникалық регламетке сай келмейтін бір реттік вейптер әлі күнге дейін тонналап қалай кіргізілуде? Бұл процеске тікелей жауапты құзыретті органдар қайда қарап отыр? Орын алған жағдайдың анық-қанығын зерделеп, кінәлілерді жауапқа тартуды сұраймыз. Екіншіден, шұғыл түрде бір реттік вейптерді зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, құзыретті мекемелерден бір реттік шылымды сатылымнан алып тастауды, конфескілеуді сұраймыз. Мектеп маңындағы дүкендерге қоғамдық бақылау ұйымдастырып, заңды белшесінен басқандарға қатаң шара қолдану керек», – деді депутат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!