14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күні. Маңызды күнді жастар елеусіз қалдырмады. Ауқымды шара сол жағалаудағы жастар орталығынан бастау алды. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас, журналист, ақын Толқын Қабылша қатысты.

Акцияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Кітап құрттары» оқырмандар клубы және «Сыр үміті» жастар қоғамдық бірлестігі атсалысты. Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екенін айтып, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білім жетілдіруге шақырды.Басқарма басшысы Мира Жомартқызы кітап сыйлау күніне орай жастарға абайтанушы, белгілі ғалым Мекемтес Мырзахметұлының «Абайтану» кітабының 2 томдығын сыйлады. Сонымен қатар кітапханашылар Айжан Болатқызы, Шолпан Айжарыққызы, Сәуле Бегалықызы және қаладағы «Kitap al» дүкендер желісінің негізін қалаушы Нұрбек Досболұлын Алғыс хатпен марапаттады.

Шара барысында Нұрбек Досболұлы кітап сатып алушылардың басым көпшілігі жастар екенін айтып, қуанышын жеткізді. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасында білім алған сырбойылық жас Фархат Орынбасар елге келісімен ерекше кәсіпті қолға алғанын айтты. Ол жаңа кафетериясына қызықты кітаптар қою арқылы тұтынушы тартып отырғанын жеткізді. Фархад өз сөзін «Адам табысқа біліммен ғана жете алады» деп қорытындылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!