Әр адамның тәрбиесінде ұстаздың алар орны ерекше. Бұл мамандықты  балаға бір табан жақын жан таңдайтыны сондықтан шығар. Қазір өзім қалаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін.

Айтпағым, бала таза бұлақ секілді, көзін ашсаң мөлдіреп аға түседі, тұнығын лайласаң, қалпына қайта келуі қиын. Әр балада өзіне тән мінез, зейін, ептілік, икем-дағды бар. Біздің бұл жердегі миссия –  соған үңіліп, қабілетін анықтап, өмірге бейімділігін қалыптастыру. Атақты ұстаз Ы.Алтынсарин: «Егер бала бір нәрсені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәламауға тиіс, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауы керек» деген. Сөздің жаны бар. Оқушыға кінә артқаннан аулақ болғанымыз жөн. Баланың зердесіне білімді ұялату үшін көп тер төгу керек. Ұстаздың оқушыға деген сенімі оны шыңдай түсетіні де рас. Өзімнің де мұғалімдік жолды таңдауыма ұстаздарымның берген өнегесі себеп болды. Бүгінде сол жолды ерекше ізденіспен жалғастырып келемін. Баланың ішін пыстыратын бірсарынды сабақтан гөрі алған білімін мектептен тыс жерде пайдалана алуын мақсат еткен жаңа сипаттағы сабақтарды өткізуге күш саламын.

Сондай-ақ қазіргі күнделікті сабақта мұғалімнің өзіне сабақтың қалай өткені туралы есеп беру келешекте нәтижесін көрсетеді деген ойдамын. Себебі  ұлы Абайдың өзі есеп беруді дұрыс санаған. «Күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген әдемі ойы бар. Әр сабақтан соң мұғалімнің сабақты өн бойынан қайта өткізуі жіберілген кемшіліктерді анықтаумен қатар сол олқылықтың алдағы уақытта болмауына жол ашары анық. Оның үстіне қазір мұғалімдерге деген құрмет те, талап та жоғары.  Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев  «Педагог мәртебесі туралы» Заңға да қол қойды. Бұл Заң мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге тікелей бағытталып отырғанына қуаныштымын.

Перизат ИМАНБЕКОВА,

№247 орта мектебінінің кәсіби бағдар ісі-жөніндегі орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!