Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Соңғы кездері елімізде жоғары оқу орнынан білім алушыларға қатысты түрлі жайттар тіркелді. Ұлттық университеттің бірінде студенттердің жеке дерегі тарады, міндеттелген жол төлемдері төленбеді және тағы басқа. Сондай-ақ, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары мемлекеттік грантты өтеу мәселесі бойынша бірнеше рет шағымданған болатын. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі студентердің қандай құқығы бар екенін білу үшін адвокат Альбина Бахтиярқызының көмегіне жүгінді.

Оқу кезінде студенттің қандай құқықтары бар?

ҚР Заңының 47-бабында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі қарастырылған. Оған сәйкес ҚР азаматтарының, ҚР тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарын және білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар. Бұдан бөлек:

  • мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға;
  • оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға;
  • өзінің бейімділігі мен қажеттеріне қарай қосымша білім беру қызметтерін, білімдерді ақылы негізде алуға;
  • білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;
  • қайта қабылдануға және бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан немесе жоғары білімнің білім беру бағдарламасынан басқасына, ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға;
  • білім беру ұйымдарында ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуге;
  • спорт, оқу, акт залдарын, компьютерлік сыныптарын және кітапхананы тегін пайдалануға;
  • ҚР заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға;
  • өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге;
  • өзінің адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне;
  • оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегі табыстары үшін көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.

«Одан бөлек бізде оқуын өте жақсы оқитындарға, мүгедек жандарға, жетім балаларға мемлекеттік стипендия берілуі мүмкін. Оны ҚР Үкіметі бекітеді», – деді адвокат.

Мемлекеттік грантты өтемеуге бола ма?

Маманның айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азамат жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары бекітілген.

«Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығы. 

Осы заңмен беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары бекітілген», – деді ол.

Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алғандар кемінде үш жыл тиісінше жұмыспен өтейді. 

«Заңға сәйкес, бізде мысалы Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды (бұдан әрі – ДССҒҰ) бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді», – деп түсіндірді адвокат.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған ҚР азаматтары ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтейді.

Мемлекеттік грантты өтеуден тек:

  • магистратура не докторантурада оқуын жалғастыратындар;
  • жүкті тұлғалар;
  • 3 жасқа дейінгі баласы бар әйелдер;
  • 1 және 2 топ мүгедектері босатылуы мүмкін.

Ұтып алған мемлекеттік гранттан бас тартуға бола ма? Ол үшін не істеу керек?

«Иә, болады. Гранттан бас тарту үшін сәйкес ЖОО-на Білім және ғылым министрінің атына жалзылған жазбаша түрде бас тарту жөніндегі арызды тиісті құжаттармен жәберуіңіз қажет. Ол жөнінде әр ЖОО-да ақпараттар болады», – деді маман. 

Студентті қандай жағдайда оқу орнынан шығарып жіберуі мүмкін?

«Студенттің үлгерімі өте нашар болса, 36 сағ көп оқуын жіберіп алса, тиісті ЖОО орнымен жасаған шарт ережелерін бұзса, оны оқу орнынан шығарып жіберуі мүмкін», – деді ол. 

Оқытушы сабаққа кешіккен студентті кабинет/дәрісханаға кіргізбеуіне бола ма?

«Бұл көбіне әр ЖОО-ның ішкі қағидалары және шартпен бекітілуі мүмкін. Себепсізден себепсіз оуқа кешігуге болмайды. Арнайы себептер бар кезде студент сабаққа қатысуға құқылы», – деп жауап берді адвокат. 

Студентке оқып жүріп, жұмыс істеуіне бола ма?

«Заңда ондай тыйым жоқ. Тек оқуына кедергі келтірмеуі қажет. Ал жұмыс беруші студентті жұмысқа алса, ол жөнінде Еңбек кодексінің қағидалары басшылыққа алынады», – дейді маман.

Студенттер сабақтан тыс жұмыстарға қатысуға міндетті ме?

«Ол міндет емес, құқық және бұл жерде сабақтан тыс жұмыс деп нені айтамыз оны да анықтау қажет», – деді Альбина Бахтиярқызы.

Университет өкілдері студенттердің құқықтарын бұзса, не істеп, қайда жүгіну керек?

«ЖОО өкілдері студенттің құқығын бұзса, білім алушы университет басшылығына немесе тікелей Білім және ғылым министрлігіне шағымдануға болады», – деп қорытындылады адвокат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!