Адам баласы өмірге келгенде оның жүрер жолы маңдайына жазылып қояды деуші еді… Кейде өзінің мамандығын сүйіп, сол жолға жаралған жандарды көргенде осы ұғым өзінің орнын нықтай түседі. Таяуда Жақыпбек Маханбетов атындағы ауылға жол түскен. Қала іргесіндегі елді мекенде орналасқан №143 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақниет Бердіхожамен кездестік. Оның бала тәрбиесіне, білімді ұрпақты қалыптастыруға деген ұстанымы мен түсінігі бізді қайран қалдырды.

– Бесінші сыныпқа сабақ беретінмін. Әдеби байқауға қатысып жатырмыз. Қаншама тер төгілді, еңбек еттік. Байқау күні келгенде оқушыларым тақырыпты сенімді түрде қорғап шықты. Әрқайсысы бар білімін көрсетіп, қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Ал қазылар алқасының шешімін күткен сәт – бәріміз үшін ең толқынысты кезең болды. «Бас жүлде» деп сыныбымды атағанда бір оқушым қатты толқып, көзіне жас алып: «Апайды қатты құшақтап алғым келіп тұр» деген еді. Осы бір шынайы сөздер мен балалардың таза қуанышы маған мұғалім үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі мен ықыласы екенін тағы да терең сезіндірді, – дейді Ақниет Ерғалиқызы.

Ақниет мұғалімдікке төтеннен келмепті. Ол бала күнінен ұстаз болуды арман еткен. Бала күннен бүр жарған арманының жемісін көріп отыр. Өзі де – ұстаздар әулетінің перзенті.

– Нағашы әжем саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндерінен дәріс берген ардақты ұстаз болған. Ал анам ұстаздық жолда отыз жылға жуық еңбек етіп келеді. Ол ұзақ жылдар бойы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінде физика және информатика пәндерінен сабақ беріп, талай шәкірттің білім алуына үлес қосты. Бүгінде де мектеп қабырғасында ұстаздық қызметін жалғастырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді. Әпкелерім де осы қасиетті жолды таңдап, ұстаздықты өмірлік мұраттарына айналдырды. Үйімізде мектеп өмірі, шәкірт тағдыры, оқу мен тәрбиенің мәні туралы әңгімелер жиі айтылатын. Сол әңгімелерді тыңдап өскен бала көңілімде ұстаз мамандығына деген қызығушылық ерте оянды, – дейді ол.

Ақниет БЕРДІХОЖА: Мұғалімдікке төтеннен келген жоқпын

Ананың мейірімінен нәр алып, әкенің қаталдығымен қалыптасқан Ақниет алдына биік мақсаттар қоятын. Бала күнде өзінше журнал арнап, бауырларына мұғалім болып, өзінің образын әлдеқашан қалыптастырып қойған. Десе де ұстаздар әулетінен көрген тәліміне әкенің қаталдығы ұштаса келіп, оның бала жанының бағбаны болуына зор ықпал етті.

– Бойымдағы жауапкершілік пен темірдей тәртіптің қайнар көзі – әкемнің тәрбиесі. Өмірін ішкі істер органдарына арнаған, полковник шеніне дейін жеткен әкем бізді әрдайым адалдыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Ол кісінің қатал болса да әділ тәрбиесі бізге: «Қандай жол таңдасаң да, өз ісіңнің шебері бол, еңбегің адал, жауапкершілігің биік болсын» деген қағиданы өмірлік бағдар етіп берді. Осылайша, анамнан – нәзіктік пен білімге құштарлықты, әкемнен – қайсарлық пен тәртіпті сіңіріп өстім, – дейді жас мұғалім.

Талаптың тұлпарын мінген талай жеткіншекке тура бағыт-бағдар беріп, білім әлемінде қанатын еркін қаққан самұрық құстай еткен талантты ұстаз бүгінде өзінің ұстанымына сай қызмет жолын жалғап келеді. Ол үшін мұғалім болу – жай ғана қызмет емес…

– Мұғалімдік – тек мамандық емес, ол адам бойындағы ерекше қасиетпен ұштасатын ұлы қызмет. Әрине мұғалім болу үшін білім алып, кәсіби дайындықтан өту қажет. Бірақ нағыз ұстаз болу үшін баланың жүрегіне жол табу, сабырлы болу, мейірімділік таныту, түсіне білу секілді асыл қасиеттер керек. Әсіресе ағылшын тіл пәні мұғалімі үшін оқушыға сенім беріп, оның еркін сөйлеуіне жол ашу өте маңызды. Сондықтан мұғалімдік – әрі мамандық, әрі жүрек қалауымен келетін қасиет, – дейді Ақниет Ерғалиқызы.

Ақниеттің мұнда жұмыс істеп келе жатқанына бес жыл болыпты. Сол бес жылдың ішінде ол жетістік желкенін керіп үлгерген. Қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадаға, байқаулар мен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Шәкірттері де талай бәсекеде топ жарып, айбынын асырып келеді.

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!