ENACTUS – әлемнің 34 мемлекетінде құрылған, оқушылар, студенттер мен кәсіпкерлерді біріктіретін коммерциялық емес ұйым. 17 мақсаты бойынша жұмыс істейтін, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік бағыттарды қамтитын халықаралық ұйымның жастарға берері мол. Дамуға, өзіңді қалыптастыруға әрі жақын достар кездестіруге мүмкіндік беретін ұйым арқылы көшбасш­ы­лармен де тығыз байланыста бола аласың.
Қазақстандағы ENACTUS ұйымының президенті Альбина Мейірбекқызы командасымен бірге еліміздің 50 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан.
Студенттер өз жобаларын жыл сайынғы бизнес көшбасшылар бағалайтын сайыстарда ұсынады. Осы ұлттық жарыстардың жеңімпаздары Enactus Дүниежүзілік чемпионатына қатысуға шақырылады. Нақтырақ тарқатсам, әр оқу жылының басында командаларға арналған республи­калық форум өтеді. Форумнан кейін командалар мамыр айында болатын ұлттық чемпионатта ұсынатын жобаларды әзірлеуге кіріседі. Осы уақыт аралығында демеушілер тарапынан арнайы байқаулар ұйымда­с­тырылады. Ұлттық чемпионатта 30-дан аса мектеп, колледж командалары және 50 жоғары оқу орнының командалары бақ сынайды. Үздік команда Дүниежүзілік чемпионатта ел намысын қорғауға жолдама алады. Біз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің командасы ұлттық лигаға, бизнес-лагерьге қатыстық. Алдағы жоспар – Алматы қаласында ұйымдасты­рылатын «Business Collaboration Forum» шарасына қатысу. Командадағы 30 қатысушының жеке міндеттері бар. Сонымен қатар HR, PR, Research бөлімдері жұмыс жасайды. Мүмкіндіктер алаңына айналған ұйымның қысқаша жұмыс барысы осындай. Тамыз-қыркүйек айында Enactus Kazakhstan және Olzha Agro ұйымдастырған Қарағанды қаласындағы білім беру лагеріне қатыстық. Келесі жиындарға тоқталсам, 29 қыркүйек күні Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінде өткен «Road show Enactus Kazakhstan» республикалық форумы қазан айында Сыр өңірінде жалғасын тапты. Маған жоба жасау, кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша мотивация берген ENACTUS-тың ерекшелігі − әлемдік аренада өзіңді сынауға мүмкіндік беруінде. Айта кетейік, осы жылғы ұлттық чемпиондарымыз С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті 30 қазан – 2 қараша күндері Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өз жобаларын таныстырды. Нәтижесінде 32 мемлекеттің арасында алғашқы топ 16 елдің қатарына кірді. Тунис, Египет Канада, және Ұлыбритания ENACTUS командалары финалдық кезеңге өтті. Инновациялар мен студенттердің кәсіпкерлігіне бағытталған Enactus World Cup 2022 байқауында Египет Enactus командасы жеңімпаз атанды.
Enactus Kazakhstan бағдарла­масының миссиясы – инновацияларды игере алатын, кез келген қиындықтарда жаңа мүмкіндіктерді көре алатын және өмірді жақсарту үшін бизнес қағидаттарын пайдалана алатын кәсіпкерлік бағыттағы көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!