Көкшетау қаласында мектеп мұғалімі дәптерін ұмытып кеткен оқушылардың маңдайына «Дәптер» деп жазып берген. Болған оқиғаға қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке: «Көкшетау қаласында бастауыш сынып мұғалімі дәптерін ұмытып кеткен 12 оқушының маңдайына «Дәптер» деп жазып берген. Осы оқиғаға қатысты қандай пікір білдірер едіңіз?», – деген сұрақ қойылды.

«Мұғалім алдымен адамгершілігі мол және мейірімді болу керек. Әрине, бұл мұғалімге тән қасиет емес, шынымды айтсам сене алар емеспін. Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тиісті шешім қабылданды. Осы секілді оқиға қайталанбауы үшін шара қабылдап, алдын алуымыз керек. Осы тұрғыда айтып өтетін маңызды жайт, мұғалімдердің бәрі бірдей емес. Оқушыларды баласындай жақсы көріп, тәрбие, білім беріп жатқан үлгілі педагогтар жеткілікті. Өкінішке қарай, өмір болған соң теріс жағдайлар орын алып тұрады», – деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін министр Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмған оқиғасына қатысты түсініктеме берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!