Павлодар мектептерінің бірінде 9-сынып оқушысы сыныпта бұрыш спрейін шашқан. Соның кесірінен үш оқушы ауруханаға жатқызылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 3 мамырда болды. Сағат 17:30 шамасында қала полициясына үш оқушы уланып, ауруханаға жатқызылды деген хабар келген.

16 жастағы 9-сынып оқушысы өзімен бірге бұрыш спрейін алып келген. Сабақ барысында ол 15 жастағы сыныптасымен бәстесіп, спрей шашсын деген. Сағат 11:35 шамасында жасөспірім кабинетте бұрыш спрейін шашты.

Кабинетті желдетіп, дымқыл ерітіндімен өңдеуге тура келді. Содан кейін екінші ауысымдағы 6-сынып оқушылары сабаққа кірген.

Соның кесірінен сабақта бірнеше оқушы өздерін нашар сезініп, көзі күйді, беттері қызарған. Зардап шеккендерді ауруханаға жатқызуға тура келді.

«Бұл факт бойынша полицияда заңды өкілдер мен педагогтардың қатысуымен алдын алу кеңесінің отырысы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 15 жастағы балаға қатысты ӘҚБтК-нің 435-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік материал жасалды, кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне жеті АЕК(24 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ барлық кәмелетке толмағандармен құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізілді», – деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!