Қызылордада «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» тақырыбында  дебат турнирі болып өтті. 

Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейің базасында «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» тақырыбында дебат турнирі өтті.

Ашық пікірсайыс турнирінің мақсаты – жастар қатарынан шешендік шеберлігі бар, өзінің көзқарасын сауатты және нақты қорғай алатын жас көшбасшыларды іздеу және оларға қолдау көрсету, нақты мәселелерді шешу, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриотизмді дамыту жұмыстарын кеңінен насихаттау.

Дебат турниріне 12 фракция қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде І орынға №7 мектеп-лицейдің «ХХІ ғасыр дебатёр» фракциясы лайық деп танылды. Ал, ІІ орынды Сәкен Сейфуллин атындағы №4 IT  мектеп-лицейдің «Жас Алаш» фракциясы, ІІІ орынды №233 орта мектептің «Тесла» фракциясы мен Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің «Тас түйін» фракциясы жеңіп алды.  «Үздік спикер» номинациясын Ілияс Қабылов атынағы №12 ІТ-мектеп-лицей оқушысы Раушанбек Зере иеленді.

Пікірсайысқа қатысушы барлық фракция мүшелеріне Әли Мүсілімұлының «Біз де бала болғанбыз» кітабы сыйға берілді және арнайы кофе-брейк ұйымдастырылды.