Қазіргі қоғамда адамдардың сыртқы жетістігі көбейгенімен, ішкі тыныштығы мен жан саулығына деген қажеттілік бұрынғыдан да арта түсті. Рас-ақ, күнделікті күйбең тіршілік, ақпарат тасқыны, әлеуметтік желілердегі салыстыру, өмірдің сан түрлі сынағы психологияға айтарлықтай әсер етеді. Осындай сәтте адамның жан дүниесін түсініп, оған бағыт-бағдар беретін мамандардың орны ерекше. Бүгінгі кейіпкеріміз – отбасылық психолог, психосоматолог әрі ислам психологиясы бағытында еңбек етіп жүрген Гүлнұр Аблайханқызы. Маманмен психология саласы туралы сұхбаттасып қайттық.

– Гүлнұр ханым, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Психология саласына келуіңізге не себеп болды?

– Сауалыңызға рақмет! Бұл саланы таңдауыма ең алдымен өзімді тануға деген ұмтылыс себеп болды. Адамның ішкі әлемін зерттей келе, көптеген мәселенің түп-тамыры сыртқы жағдайларда емес, балалық шақтағы ішкі жарақаттарда, қалыптасқан сенімдер және өткен өмірдің тәжірибесінде екенін түсіндім. Сол сәттен бастап адамдарға рухани демеу болып, олардың өміріне оң өзгеріс әкелуді өзімнің басты мақсатым деп білдім.

– Психологияның қазіргі қоғамдағы орны қандай?

– Психология – адамның ойын, сезімін және мінез-құлқын зерттейтін ғылым. Ол адамға өзін жақсырақ тануға, эмоциясын басқаруға, дұрыс шешім қабылдауға және айналасындағы адамдармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Егер дәрігер адамның тәнін емдесе, психолог оның жанын емдейді. Сондықтан психология – өмір сапасын жақсартатын маңызды ғылым.

– Сіздің қабылдауыңызға келетін адамдардың басым бөлігі неше жаста?

– Көбіне 25-45 жас аралығындағы азаматтар келеді. Бұл – адамның отбасы құрып, бала тәрбиелеп, кәсіби жолын қалыптастыратын жауапты кезең. Осындай үлкен міндеттердің арасында эмоциялық шаршау, мазасыздық, отбасылық түсініспеушіліктер мен ішкі күйзелістер жиі кездеседі. Сондықтан дәл осы жастағы адамдар психолог көмегіне көбірек жүгінеді.

– Сонда мазасыздықтың артуына не себеп?

– Бүгінде ақпараттың көлемі өте көп. Әлеуметтік желідегі түрлі контенттің адамдарды бір-бірімен салыстыруға итермелеп жатқаны рас. Көпшілік бәріне үлгеруге тырысады, бірақ соның салдарынан «мен қалып қойдым» деген сезім пайда болады. Сонымен қатар ұйқының дұрыс болмауы, қаржылық қысым және рухани тыныштықтың азаюы да мазасыздықтың күшеюіне әсер етеді.

– Ал оны қалай жеңу керек?

– Жақсы сұрақ. Ең алдымен мазасыздықтың себебін анықтау қажет. Бұдан кейін дұрыс ұйқы режимін қалыптастыру, тұрақты дене белсенділігі, тыныс алу жаттығулары, күнделік жүргізу және жақын адамдармен ашық сөйлесу өте пайдалы. Егер мәселе ұзаққа созылса, міндетті түрде психологтың көмегіне жүгінген жөн. Сонымен қатар дін де жанға тыныштық сыйлайды.

Гүлнұр АБЛАЙХАНҚЫЗЫ: Мотивация - уақытша сезім ғана

– Осы орайда, сенім ұғымын түсіндіріп беріңізші.

– Сенім – адамның өміріндегі ең берік іргетас. Өзіне сенетін адам қиындықтан қорықпайды, ал өзгеге деген сенім қарым-қатынасты нығайтады. Дегенмен ең маңыздысы – адамның Жаратушыға деген сенімі. Рухани тірегі мықты адам өмірдің кез келген сынағын сабырмен қабылдай алады.

– Күнделік жүргізу жайлы айтып өттіңіз. Мұндай тәсілдің психологияға қандай пайдасы бар?

– Күнделік жазу – адамның ішкі сезімдерін сыртқа шығарудың тиімді тәсілі ғой. Ол ойды жүйелеуге, эмоцияларды түсінуге және күйзелісті азайтуға көмектеседі. Кейде адам ойын қағазға түсірген кезде мәселенің шешімін де анық көре бастайды.

– Қазір мотивация туралы көп айтамыз. Сіздің ойыңызша, мотивация деген не?

– Меніңше, мотивация – уақытша сезім ғана. Ұзақ уақыт жетістікке жеткізетін дүние – тәртіп пен тұрақты әрекет. Айқын мақсат, дұрыс ниет және күн сайын жасалатын шағын қадамдар адамды үлкен нәтижеге жеткізеді.

– Психологияға қызығатын жастарға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– Виктор Франклдің «Адамның өмір мәнін іздеуі», Джеймс Клирдің «Атомдық әдеттері», Кэрол Дуэктің «Икемді санасы», Дэниел Гоулманның «Эмоциялық интеллекті», Стивен Ковидің «Тиімді адамдардың 7 дағдысы» секілді кітаптар адамның өзін дамытуына және өмірге деген көзқарасын өзгертуіне үлкен әсер етеді.

– Өз тәжірибеңіздегі ерекше оқиға туралы бөліссеңіз.

– Маған баласынан немесе өмірлік серігінен айырылған адамдармен жұмыс істеу өте үлкен әсер қалдырды. Әр адамның қайғыны қабылдауы әртүрлі. Сол кезде адамның жанын тыңдап, оған үміт сыйлаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Бұл оқиғалар маған кәсіби тұрғыдан ғана емес, адам ретінде де көп тәжірибе берді.

– Қазіргі жастар арасында қандай психологиялық мәселе жиі кездеседі?

– Бүгінгі жастар арасында мазасыздық, өзін өзгелермен салыстыру, өзін төмен бағалау, жалғыздық сезімі, эмоционалды күйзеліс кездеседі. Сонымен қатар өмірлік мақсаты жоқ адамдар да бар. Әлеуметтік желілердің әсері бұл мәселелердің одан әрі ушығуына себеп болып отыр.

– Психологқа қай кезде міндетті түрде жүгінген жөн?

– Егер адамның мазасыздығы ұзақ уақыт басылмаса, ұйқысы бұзылса, өмірге деген қызығушылығы төмендеп, қарым-қатынаста қиындықтар көбейсе немесе бұрынғы оқиғалар бүгінгі өміріне кедергі келтірсе, психологқа қаралған дұрыс. Психологтың көмегіне жүгіну – әлсіздіктің емес, өз өміріңе жауапкершілікпен қарай білудің белгісі. Адамның ең үлкен байлығы – оның жан тыныштығы. Материалдық жетістік қаншалықты маңызды болса да, рухани тепе-теңдіксіз толыққанды өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан өз сезімімізге бей-жай қарамай, қажет кезде көмек сұраудан қорықпау керек. Өйткені психологиялық саулық – бақытты өмірдің, берік отбасының және жарқын болашақтың басты негізі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Фариза ТӨРЕХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!