Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшысы Бахыт Жұматай Мичиган мемлекеттік университетінің PhD докторларын даярлау бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды.

Michigan State University – әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Студенттердің жалпы саны 50 000 – нан асады және бүгінгі таңда 540 000 түлек түлеп ұшқан. «Usnews.com» ақпараттық агенттігінің рейтінгісі бойынша аталмыш ЖОО-ның бастауыш және орта білім беру, оқу орындарында оқыту мен басқару салаларында мамандарды даярлауда озық тәжірибесі бар.«Үздіксіз даму – педагогикалық шеберлігінің негізі. Қазіргі заманның талабына сәйкес үздіксіз білім алып, біліктілігіңді шыңдап, өзгеріс енгізу маңызды. Докторантура бағдарламасы мектеп ұйымдары мен жүйелерін жетілдіру үшін практикалық дағдылар мен білімді арттыруға бағытталған», – дейді болашақ PhD докторы.

Бахыт Әмірханұлының білім беру саласында жұмыс өтілі 20 жылдан астам уақытты құрайды. «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша білім алған ол өзінің еңбек жолын Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиеші болып бастады. 6 жылға жуық оқушыларға информатика ілімін оқытты, сонымен бірге облыстық олимпиадалық құраманы дайындауда табысты жұмыс жасады. Өз тәжірибесінде Атыраудағы білім ордасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Шымкенттегі қазақ-түрік лицейінде, Астанадағы халықаралық мектепте директор қызметтерін атқарды. 2016 жылы Бахыт Әмірханұлы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшысы болып тағайындалып, абыроймен еңбек етті. Ол Сыр бойындағы NIS-те зерттеушілер қауымдастығын құрып, оқуда іс-әрекетті және сабақты зерттеуге байланысты тың жаңалықтар енгізді.

— Зияткерлік мектептің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде ынтымақтастықта жұмыс жасаған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына, облыс әкімдігіне, білім басқармасына, Қамқоршылық кеңеске, ата-аналар комитетінің құрамына және мектеп ұжымына үлкен алғыс білдіремін.

Білікті басшы Назарбаев Университетінде магистратура бағдарламасы бойынша білім ала жүріп, Қазақстандағы ауыл мектептеріндегі білім сапасының мәселелеріне зерттеу жүргізді. Халықаралық Мектептер Кеңесі CIS аккредиттеу саласында тәуелсіз сарапшы атанып, Кембридж, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктерінде білім саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша біліктілігін арттырды. Білім беру жүйесін дамытудағы мінсіз еңбегі үшін Құрмет Грамоталарымен және Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.